Ақжайық жұрты әз-Наурызды тойлады

Шуақты мерекені оралдықтар да шат-шадыман көңіл күйде тойлап жатыр.

Өңірде наурыз мейрамын 14 наурыз, яғни көрісу күнінен бастау дәстүрге айналған. Мерекеге орай облыстың барлық аудандарында, сондай ақ Оралдың орталық алаңдарында ұлттық дәстүрді ұлықтаған шаралар ұйымдастырылды. Халықтың көңіл күйі көтеріңкі, ұйымдастырылған шараларға белсене атсалысып жатыр.

Қаланың басты алаңында театрландырылған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар қойылды. Мерекелік «Наурыз» керуенді  түйеге мінген Қыдыр ата мен Ұмай ана бастады. Сахнада дәстүрлі көріністер аластау мен бата беру   рәсімдері жалды.

Қуаныш Еркінәлиев, қала тұрғыны:

- Бүгін мына келіп жеткен наурыз меркеесімен бәріңізді құтьыөқтаймын. Жыл басы бұл, жаңа жылымыз, сондықтан да бұл мерекеге халық қанша бала шаға немерелерімен келіп тойлап жатырмыз. Наурыз құтты болсын, өте жақсы ұйымдастырылған.

«Елімізде 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Ауыл және аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде Батыс Қазақстан өңірін де қамтиды»,- деді өңір басшысы.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітіліп, Ұлыстың ұлы күні – 10 күн қатарынан тойлануда. Кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Алматы қаласында өткен мерекелік іс-шарада барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Президент өзінің құттықтауында Наурыз ұлтымыздың салт-дәстүрін, тарихын, ұлттық құндылықтарын жандандыратын мейрам екенін айтты.

Ақжайық атырабында қазір күн жылынды, тасқын қаупі толықтай бақылауда, ал наурыз тойын тойлаған жұртшылықтың жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі. Бәрінің айтар тілегі де ортақ. Ол - бейбіт заман, ашық аспан, бірлік пен береке ғана!

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Аружан Шуақбай