Қош келдің, әз-Наурыз!

Петропавлда Ұлыстың Ұлы күні «Қош келдің, әз-Наурыз» атауымен өтті.

Бұл күні қаланың басты алаңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, ақшаңқан күйіз үйлер тігілді. Қыз-келіншектер ашық аспан астында даладай дастархан жайып, қазақтың ұлттық тағамдарын пісірді. Ал жігіттер жағы асық атып, арқан тартып, өзара мықтыны анықтады. Той-думанның шырайын ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі мен театрландырылған көріністер аша түсті. Төл мейрамға алыстан ат арытып келген қандастар да ортақтасты.

Назар Қаптыхан, Қытай Халық Республикасының азаматы:

- Мен өзім Қытайдан келдім. Содан кейін Қазақстанның қалай Наурыз өткізетінін көрейін деп келгем. Бұл жақта жақсы өтіп жатыр екен. Мен үшін Наурыз болса көктемді қарсы алатын жаңа тіршілікті қарсы алатын, одан соң кейін барлық адам отбасымен қауышатын бір қуанышты мереке деп ойлаймын.