Қарағанды облысында 50 жыл отасқан кеншілер отбасы тұрады

Қарағанды облысында 50 жылдай отасып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетіп отырғандар көп, деп хабарлайды 24KZ.

Өндірісті өлкеде отау құрғандарына 50 жылдан асатын жүздеген отбасы тұрады. Оның бірі – Нұрмамбетовтар әулеті. Ерлі-зайыптылар өмір бойы көмір кеніштерінде еңбек еткен.

Шаңырақ иелері жарты ғасырдан астам уақыт бұрын кездейсоқ қонақта танысқан. Кәрібай аға Абай қаласындағы шахтада кенші, Күміс апай басқа облыста ауыл шаруашылығы саласының технологы болған. Өжет қыз жас кеншінің жүрегін бірден жаулап алды. Олар бұрыннан таныс адамдардай шүйіркелесе кетеді.

Кәрібай Нұрмамбетов, Абай қаласының тұрғыны:

- Сыпайы, ешқашанда ешқандай сөздер артық айтпайды бізге. Сонымен екеуіміз сол, маған ұнаған сөзі, ешкімнің сөзін қайтармайды. Тыңдап отырады, одан кейін барып айтады. Ұнамаса, бетіңе айтып салады. Маған сол ұнады. Бір жылдай хат жазысып, сөйтіп жүрдік, одан кейін тұрмыс құрдық екеуіміз, үйлендік.

Үйлену тойларына дейін бір жылдай басқа облыста тұрған екі жас хат жазысып тұрады. Кейін бұл әдетке айналады. Өйткені екеуі де шахтада еңбек етеді. Оның үстіне ауысымдары сәйкес келмейді. Мереке күндері де жұмысқа шығуға тура келеді. Бір-біріне деген сағыныш пен ыстық ықыласты ақ қағазға жазып қалдырады. Біреуі үйдің тірлігін тындырып, шахтаға бара жатса, екіншісі жұмыстан үйге келе жатады. Кеншілер отбасының өздері бекіткен ережесі – бұл. Екеуі ұзақ уақыт бір-біріне сүйеу болып кетеді.

Күміс Нұрмамбетова, Абай қаласының тұрғыны:

- Бір-бірімізді ауысыммен істегенде көрмейтінбіз. Сондықтан үйге хат жазамын. «Осы тамақтары, бәрі дайын. Балалар оқуын оқыды осылай, осылай» деп. Сонымен балаларымыз қалай өскенін білмей қалдық. Жас жұбайларға шыдамдылық тілеймін. Бір-бірін сыйласын деймін. Бір-бірін түсінсін деймін. Біреуі ашуланса, біреуі үндемеу керек.

Кәрібай аға мен Күміс апа қазір құрметті демалыста. Еңбекқор жандар қол қусырып қарап отырмайды. Құрметті кенші күннің жылынғанын асыға күтіп жүр. Балық аулауға аттанбақ. Ал жерден қар кетісімен бау-бақшаның қамына кіріседі. Жеміс-жидек, көкөніс өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Балалары мен немерелеріне де көңіл бөледі. Бақытты жандар жарты ғасырды артқа тастады. «Алтын той» – көрген бейнетіміз бен жақсылығымыздың өтеуі, - дейді өздері.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марина Золотарёва, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.