Мәулен Әшімбаев Ресей елшісіне көңіл айтты

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мәскеу облысында болған лаңкестік оқиғаға байланысты еліміздегі Ресей Елшісіне көңіл айтты.

Ол ондаған жазықсыз жанның өмірін қиған қайғылы оқиғаны қазақстандықтар ауыр күйзеліспен қабылдағанын атап өтті. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды. Адамдыққа жат мұндай лаңкестік әрекетті мүлде ақтауға болмайды. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының және жеке өз атымнан көңіл айтамын. Бұл жағдай Ресей халқымен бірге біздің азаматтарымыздың да қабырғасын қайыстырды. Барлық зардап шеккендерге сабыр тілей отырып, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігімізді білдіреміз», – деді Мәулен Әшімбаев көңіл айту кітабына қалдырған жазбасында.