Күре жолдың бойындағы медициналық құтқару пункттерінің орыны ауысуы мүмкін

Қазақстанның күре жолдарындағы медициналық құтқару бекеттерінің орны ауысуы мүмкін.

Төтенше жағдай министрлігі жол апатына ұшырағандарға арналған мұндай пункттердің қызметіне қатысты әдістеме әзірледі. Осыған сәйкес, жедел құтқару бекеттері жол-көлік оқиғасының статистикасы азайған жерлерден алынып тасталады. Жалпы, жол бойында орналасқан медициналық құтқару пунктерінің жағдайы қандай?

Бақыт Топтаева, тілші:

- 2011-2014 жылдар аралығында еліміздің күре жолдарында осындай 40 медициналық құтқару  пункті ашылған еді. Мақсат - жол апат кезінде дереу адам жанын арашалап, тиісті көмек көрсету. Астанадан 90 шақырымдық жерде орналасқан мына бекет 12 жылдан бері  істеп келеді екен. Ендеше оның жұмысы қалай  жолға қойылғанын қазір анықтасақ.

Анар ауылының қасында орналасқандықтан бұл пункт «Анар» медициналық құтқару пункті деп аталады екен. Дәл қазір біз осы пунтке күтіп тұрған апаттар медицинасы орталығының басшысымен тілдесіп көрсек. Сәлеметсіз бе, Сәкен мырза, мына енді пунктің қызметі жайлы айтып берсеңіз?  

Сәкен Әріпбаев,  апаттар медицинасы орталығының басшысы:

- Бұл жерде қазіргі таңда 5 адам 15 тәулік бойы вахтовый методпен жұмыс жасайды.

- Олар кімдер?

- Дәрігер, фельдшер-диспетчер, фельдшер, жүргізуші және құтқарушы бригаданың құрамында. Бұл трассалық медициналық құтқару пунктіміз үш бөліктен тұрады. Ас бөлмесі, жатын бөлмесі. Бүкіл жағдай 5 адамның 15 тәулік бойы жұмыс жасауына ыңғайлы жасалынған.

Репортажымыздың осы тұсында кезекші диспетчерге хабарлама келіп түсті. Қарағанды облысы бағытындағы Осакаровка кентінің маңында апат болды. Медициналық құтқарушылар бригадасы дереу жолға шықты. 

Уақыт оздырмай тез жетсе, адамды ажалдан арашалап қалу мүмкіндігі арта түседі. Жалпы жол-көлік оқиғасы жайлы хабарлама бірыңғай құтқару қызметі, 102 мен 103-тен келіп түседі. Көп жағдайда жеңіл-желпі жарақат алғандар ауруханаға өздігінен жетіп алады. Бұл жолы да солай болған сияқты. Бригада пунктке қайтты.

Әдетте медициналық жәрдем дереу жол апаты болған жерде көрсетіледі. Дегенмен, бекеттің арнайы медициналық кабинеті бар. Мұнда сапар үстінде науқастанып қалғандарға көмек көрсетіледі. 

Сағындық Дияров, дәрігер:

- Жататын кушеткілер, міне дәрі-дәрмектеріміз бар. Система қоямыз жағдайына қарай. Сосын острый состояниеден шығарып, жедел түрде ауруханаға жеткіземіз.

- Дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Көрейікші кәне?

– Дәрі-дәрмек жеткілікті. Аппараттарымыз тұрады, мына арада реанимационный чемодан. Мынау искуственный вентиляция легких қолданамыз. Мына сейфте мықты дәрілеріміз сақталады. Дәрі-дәрмек бәрі бар мына жерде.

Абат Қошқаров, құтқарушы:

- Авария болған жағдайда, машина қысылып қалған кезде кесетін болгаркамыз бар. Кесетін қайшымыз бар. Сосын ашқыш, расчиститель, сондайымыз бар. Күрек, пожар болған жағдайда огнетушителіміз, бәрі дайын. 

Күре жолдағы медициналық құтқару бекетінің көлігі де түгелдей керек-жарақпен жасақталған. Бір уақытта бірнеше адамға жедел медициналық көмек көрсете алады.

Сәкен Әріпбаев, апаттар медицинасы орталығының басшысы:

- Жолдың жақсаруына, мынадай автобандар құрылып, жолдың екі бөлікке бөлінуіне байланысты кейбір трассалық медицналық пунктердің орналасқан жерінде жол-көлік оқиғасы азайды. Жол көлігі оқиғасы аз болатын жерлерден басқа орындарға ауыстыру мәселесін қарастырып жатырмыз.

Бұрын жол апатынан болған өлім-жітім 26 пайызды құраған еді. Құтқару пункттің аумағында болған оқиғаларда бұл көрсеткіш 13 пайызға дейін азайды. Жаңа әдістемеге сай, енді онға жуық бекеттің орыны ауысуы мүмкін. Олар жылына 50-дей жол көлік оқиғасы тіркеліп, 40 шақты адам зардап шегіп, өлім-жітім статистикасы 5 адамнан асатын жерге орналастырылады.  

Бақыт Топтаева, Наурызбай Құрманғазы