Елдегі жылу қазандықтарында маман жетіспейді

Бүгінде кадр тапшылығы 15 мыңнан асып кетті.

Мұның әртүрлі себебі бар. Негізгісі – жылу энергетикасы саласына жастардың қызығушылығы төмен. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселені қазір шешпесе, жақын уақытта қазандықтарда жұмыс істейтін маман болмайды.

Көкшетаулық Александр Кравченко жылу орталығында 20 жылдан бері жұмыс істейді. Қатардағы машинист ретінде еңбек жолын бастаған ол қазір цех бастығы. Зейнетке шығатын күн де қыр астында. Бірақ орнына қалдыратын маман жоқ. Тек Александрды ғана емес, жалпы, жылу орталығындағы аға буынды алмастыратын кадр жетіспейді.

Руслан Макишев, «Көкшетау жылу» КМК бас директоры:

- Бізде 30, 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқандар бар. Тіпті, зейнетке шыққан мамандарды да ұстап отырмыз. Өйткені, кадр жоқ. Кейінгі екі жылда жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жалақыны өсірдік. Әлі де бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз.

Жылу энергетикасы саласындағы кадр тапшылығы бүгін пайда болған жоқ. Әсіресе, қазандық жабдықтарын жаңартатын кезде қиын. Сарапшылардың айтуынша, жаңа жабдықтың тілін түсінетін мамандарды шетелден шақыруға тура келеді. Қазір жылу энергетикасы мамандарын 11 жоғары оқу орны  даярлайды. Алайда, бұл кәсіпті меңгергісі келетіндер аз. Небары 228 студент оқиды.

Жұбаныш Әбдімұратов, АЭжБУ электр энергетикасы және электр техникасы институтының директоры:

- Бұрын жылу энергетикасы мен электр энергетикасына, басқа да мамандықтарға гранттар бөлек-бөлек берілетін. Кейінгі уақытта, өкінішке қарай, түлектер білім беру бағдарламаларының тобын жиі таңдайды. Бұл топта жылу, электр бағытындағы барлық мамандықтар бар. Осы топтың грантын жеңіп алғаннан кейін олар көбінесе нарықта сұраныс көп және жалақысы жоғары мамандықтарға оқуға түседі.

Әрине, жалақы – өте маңызды мәселе. Оқуды жаңа бітірген жас жігіт ыстық және шуға толы жылу орталығында аз-маз жалақыға жұмыс істегісі келмейтіні белгілі. Қазір жұмысшылардың жалақысын тарифті көтеру арқылы өсіріп отыр. Дегенмен, бұл әлі де жеткіліксіз.

Талғат Темірханов, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:

- Біз солтүстікте, шекараға жақын аймақтарда көрші елдермен салыстырғанда жалақы айырмашылығы 250 мың теңгеге дейін баратынын көріп отырмыз. Соның салдарынан мамандар басқа өңірлерге, тіпті, көрші елдерге кетіп жатыр. Сондықтан, бізге жалақыны көтеру керек. Мәселен, батыстағы мұнай-газ саласындағы жалақыны энергетика саласындағы жалақымен салыстыруға келмейді.

Су ресурстары саласында да кадр жетіспейді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 5 мың ғылыми қызметкер мен 40 мыңнан астам техникалық маман керек. Су тақырыбы бүгінде өзекті мәселенің бірі екенін ескерсек, қажетті кадрмен қамтамасыз ету де маңызды екені анық.

Бауыржан Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, Ертіс-Сәтбаев каналын алайық. Жабдықтардың бәрі тозып барады. Бұл жерде де маманмен проблема тұр. Жалақы өте төмен. Басқа да уақыт созбай шешетін мәселе көп. Себебі, бұл канал Павлодар, Екібастұз, Теміртау мен Астанаға су беріп отыр.

Тау-кен өнеркәсібіндегі жағдай да мәз емес. Ал бағалы металдар өндірісіндегі ахуал тіпті күрделі. Себебі, бұл жерге арнайы білімі бар мамандар керек. Тіпті, беделді мамандық саналатын авиация саласында да кадрға сұраныс жоғары. Ұшқыштың жетіспеуі авиацияның дамуына тұсау болып тұр.

Мадияр Алдияров, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

- Бірнеше себебі бар. Біріншісі, кадр дайындау мәселесі. Адамның мамандық таңдауына байланысты. Көбіне жастар диплом алған соң мамандығымен жұмыс істемейді. Басқа кәсіппен айналысады. Қазір техникалық мамандық иелерінің қызмет көрсету саласына жиі кететінін көріп отырмыз. Өйткені, ол жақта жақсы табыс жоғары.

Есесіне, заңгерлер мен экономистер көп. Проблеманы шешу жолдары былтыр Мәжілісте көтерілді. Депутаттар жастар мамандық таңдауда шатыспай, кейін тек дипломы бойынша жұмыс істеуі үшін кәсіптік бейімдеу жүйесін реформалап, заңнамалық деңгейде реттеуді ұсынды.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Рауль Габитов, Бағдат Қайыркен