Құрылыстағы техникалық қадағалаушы түсінігі алынып тасталмақ

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі техникалық қадағалаушы түсінігін алып тастамақ, деп хабарлайды 24KZ.

Ұсыныс бойынша бұл міндет жобалаушы компанияларға жүктеледі. Сала мамандары аталған өзгеріс онсыз да жиі сынға ұшырайтын құрылыс саласын мүлдем тұралатып тастайды. Себебі сапаға жауапты мамандар тапсырыс берушіден тәуелсіз болуы керек, – дейді. Ал министрлік өкілі, керісінше, осылайша жауапкершілік артатынын айтады.

Мұндай ұсынысты жобалаушы компаниялар жасаған. Олардың айтуынша, авторлық және техникалық қадағалаушылар бір-біріне ұқсас қызмет атқарып жүр. Сондықтан екі маманның жұмысын біріктіру арқылы қаражат пен уақыт үнемдеу керек деп санайды. Министрлік бұл бастаманы қолдады.

Бақытжан Жүнісбеков, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Дәл осы ұсынысты қолдадық. Себебі жобаны автордан артық ешкім білмейді. Бірақ нысанда тек олар ғана болады деген сөз емес. Біз инжиниринг қызметтерін біріктіріп, қадағалау механизмін өзгертеміз. Техникалық қадағалаушылар жоба авторының қол астына өтеді. Бұл, біріншіден, жобалаушының жауапкершілігін күшейтеді. Өйткені құрылыс кезінде жобалау кезіндегі қателерді өздері көреді.

Екіншіден, қазір жобаға өзгеріс енгізу үшін екі қызмет өзара келісуі керек. Бір тарап құжатқа қол қоймаса, қателік түзелмейді. Үшіншіден, мердігер техникалық қадағалау қызметін сатып алу үшін тендер жариялауы керек. Ал авторлық қадағалауды жобалаушы байқау өткізбей таңдауға құқылы. Министрлік осылайша саладағы қағазбастылықтан құтылмақ. Бірақ құрылысшылар бұл өзгерістің астарында мүдделер жатуы мүмкін екенін айтады.

Серікжан Мергенбаев, Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары:

- Бұл, ашығын айтқанда, өз қалтасын ойлау мақсатындағы ұсыныс. Өйткені ертеңгі күнге олар техникалық қадағалаушы компанияларды басқа бір адамға ашып қояды және осы компаниялармен жұмыс істейді де, жаңағы «карманный технадзор» болып кетеді.

Яғни, құрылыс сапасын қуыршақ ұйымдар емес, шын тәуелсіз компаниялар бақылауы керек. Сонымен қатар мамандар жаңа кодекстің шикі екенін айтады.

Айдар Әділов, техникалық қадағалаушылар қауымдастығының төрағасы

- Техникалық тапсырыс беруші институтын енгізу деген ол жаңа, новация деп айтуға болмайды. Ол, негізі, біздің көрші Ресей елінде бар институт. Бізде өз заңнамаларымыз бар, өзіміздің практикамыз бар. Олар енгізді деп біз енгізу, негізі, сондай парыз емес деп санаймын.

Ал құрылыс салушылар одағының төрағасы техникалық тапсырыс берушіге шексіз билік беруге қарсы. Маманның айтуынша, жобаны бастан-аяқ жүзеге асырушы болғаны дұрыс. Бірақ қадағалаушы бөлек болуы керек.

Виктор Микрюков, «Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» төрағасы:

- Компаниялар өзін өзі тексергенде сапа нашарлайтынын бұған дейін талай көрдік қой. Ондай болмауы үшін кәсіби жоба басқарушы институты жұмыс істеуі керек. Яғни, техникалық тапсырыс беруші бөлек, техникалық қадағалаушы бөлек, жобалаушы бөлек болады. Қазір мұндай механизм халықаралық ұйымдар қаржыландырған жобаларда қолданылып жүр. Ал барлығын жобалаушы компанияға бағынышты қылып қойса, жауаптылар арасында өзара мүдделер қақтығысы жоғалады.

Мамандар жауапсыздарды жазалау үшін қолданыстағы нормалар жеткілікті екенін айтады. Алайда компаниялардың қызметін қадағалау механизмін күшейту керек. Сонда құрылыстағы қателіктердің жолы кесіледі, – дейді сарапшылар.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Серік Қоңырбаев.