10 өңірде су тасқыны болуы мүмкін

Елімізде 10 облысты су басу қаупі төніп тұр.

Бүгін елорда аумағын Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов әуеден бағамдап, жағдаймен танысты. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында ахуал күрделі. Қазір республикалық жедел штаб құрылып, қауіпті аймақтарда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Тасқынмен күреске 1200-ден астам адам, 500 бірлік техника, 154 су сору құрылғысы тартылған.

Қанат Досбаев, Ақмола облыстық ТЖМ бастығының міндетін атқарушы:

- Ақмола облысында көктемгі су тасқыны жылда Аршалы, Целиноград, Қорғалжын аудандарынан басталады. Бүгін осы аумақтарды әуеден бақыладық. Қазір еріген су жиналып жатыр. Өңірдегі өзендерде әлі мұз еріген жоқ. Дегенмен облыста министрдің тапсырмасына сай барлық мамандар күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруға көшкен. Жағдайды бақылауда ұстау үшін Атбасар қаласына, Қоянды мен Жібек Жолы ауылдарына қосымша күш жіберілді.