Оралда төтенше жағдай жарияланды

Оралда жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жариялау туралы қала әкімінің қаулысы қабылданды.

Батыс Қазақстан облысында тәулік бойы толассыз жауған жауыннан кейін дариялардың деңгейі күрт көтерілген. Бүгін Тасқала ауылы тұсында Деркөл өзені 535 см-ге дейін жетіп, қауіпті шектен 15 см-ге асып кеткен. Ал Шежін-1 өзені бір күнде 237 см-ге көтерілген. Соның салдарынан Мереке ауылында 4 үйге су кірді. «Қазгидрометтің» дерегіне сенсек, Сырым ауданындағы Өлеңті өзені де бір тәулікте 284 сантиметрге көтеріліп, 5 аудандағы жергілікті маңызы бар жолдардың 8 аумағын су басып қалған. Ал облыс орталығында кешелі-бері 3 әлеуметтік нысан мен 5 көпқабатты үйдің жертөлесін су алған. 15 жеке тұрғын үй де зардап шекті.

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Төтенше жағдай жариялауға мәжбүрміз. Неге десең ертең зардап шеккен тұрғындарға қалай компенсация жүргіземіз. Олармен біз соттаспаймыз ғой, үлкен процесс болады. Сол себепті бәрін жеңілдетіп жерлестерімізге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында  төтенше жағдай жариялау қажет. Одан бөлек шығындар бар. Күні-түні жұмыс жасап жатқан тұрғындарды, жігіттерді, коммуналдық қызметкерлерді 3 мезгіл тамақтандыруымыз қажет.