Көмір шахталарында апаттың алдын алатын қауіпсіздік жүйесі жоқ

Қарағанды көмір шахталарында метан газынан болатын қатерлерді алдын ала анықтайтын заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ.

«Соның салдарынан осыдан екі жыл бұрын Ленин шахтасында болған апаттан 5 адам қаза тауып, тағы 4-уі жарақаттанды», - дейді ардагер кеншілер. Олар 830 метр тереңдікте көмір кенжарында газдан тазарту жұмыстарына дайындалып жатқан. Бастапқыда апатқа кінәлі ретінде 26 жауапты тұлға күдікке іліккен болатын. Олардың арасында бұрынғы инвестор «АрселорМитталТеміртау» компаниясының басшысы Биджу Наир да бар. Алайда сот отырысында өндірістегі орта буын басшыларының 4-уі ғана жауапқа тартылып отыр. Олар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыпталушы тарап мұнымен келіспейді. Оларды ардагер кеншілер де қолдауда. Метаннан болатын қауіп-қатерлерді 30 жылдан бері зерттеп келе жатқан құрметті кенші Виктор Чайка апатқа тікелей кінәлі компания басшылығы екенін айтты. Себебі «АрселоМитталТеміртау» тарапынан қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға қаржы бөлінбеген.

Виктор Чайка, көмір өндірісі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Сотқа тартылғандарға еңбек кодексі талаптарын орындамады, қауіпсіздік ережелерін сақтамады деген айып тағылып тыр. Ал бұған бірінші кезекте жұмыс беруші жауап беруі керек қой. Біз ғарыштан басқарылатын кеніштегі метан мөлшерін, қауіпсіздікті бақылау жүйесін қолданысқа енгізуді ұсынғанбыз. Соның көмегімен оқыс жағдайларға даяр болатын едік. Алайда инвестор қаржы бөлуге құлық танытпады.