Су тасқыны: Зардап шеккендерге көмек көрсететін жедел желі іске қосылды

Су тасқыны: Зардап шеккендерге көмек көрсететін жедел желі іске қосылды

Мұндай ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бөлісті.

Мемлекет басшысы халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі бірлік пен өзара көмек екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде табиғи апат қаупі күшейіп, көктемгі су тасқыны басталды. Кей жағдайларда су тасқынының зардабын жоюға, оның күшеюіне жол бермеу үшін жұмыс күші жетіспейді. Дегенмен қазақстандық еріктілер қиындық кезінде ешқашан шет қалған емес. Мемлекет басшысы да ауызбірліктің арқасында Қазақстан халқы ең қиын кезеңдерді еңсергенін бірнеше рет атап өтті. Қазір де көптеген отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қол ұшын созып жатыр – деп жазды министр.

Ол осы бағытта министрлікте жедел жиын өтіп, азаматтық қоғамның осындай игі бастамаларына қолдау көрсету мәселесі талқыланғанын айтты.

Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Күшіміз бірлікте» акциясын бастау туралы шешім қабылданды. Жұмысты менің орынбасарым Евгений Кочетов үйлестіреді. Қазірдің өзінде ерікті фронт-офистер желісі негізінде зардап шеккендерге көмек көрсеткісі келетіндер үшін бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді – деді Аида Балаева.

Байланыс нөмірі: +7 708 706 42 42.

Көмек беруге ниетті немесе көмек алғысы келген кез келген азамат осы нөмірге хабарласа алады.

Ұйымдастырушылық тұрғыдан немесе өзге де қолдау көрсеткісі келетін үкіметтік емес ұйымдар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына мына телефон арқылы хабарласа алады: + 7 705 247 47 22.