Ерекше балаға тәрбие беретін мұғалім мәртебесі

Балалар үйінде жұмыс істейтін педагогтардың әлеуметтік мәртебесін көтеру қажет.

Сенат депутаты Нурия Ниязова бүгін осындай ұсыныс тастап, депутаттық сауал жолдады. Сенатордың айтуынша, жетім балаларға арналған мамандандырылған үйлерде жұмыс істейтін ұстаздар білім берумен қатар, түрлі сырқаты бар баланың тәрбиесімен де айналысады. Әрі олар кәсіби тиісті біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Алайда, олардың жалақысы әлі көтерілген жоқ. Сенатор осыдан бір жыл бұрын да осы тақырыпқа ұқсас депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол онда, кәдімгі мектеп мұғалімдерімен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған,  ақыл-ойы мен дене бітімі кемістігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысын да теңдей көтеруді сұраған.

Нурия Ниязова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біздің бұрынғы депутаттық сауалға былтыр 25 мамырда жауап келді. Алайда балаларымыздың дамуында әлеуметтену үшін қосымша білім беруде шешуші рөл атқаратын осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы сол деңгейде қалып отыр. Бұл осы мекемелердегі жоғары білікті кадрлардың саладан кетуіне әкеліп жатыр. Осыған байланысты, тиісті министрліктерге атқарылған жұмыс туралы, оның ішінде азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде әзірленген тәсілдермен жүргізілген тиісті зерттеулер туралы ақпарат беруді тапсыруды сұраймыз.