Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында 350 оқушы әкімдікте оқып жүр

Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында 350-ден аса оқушы әкімдікте білім алып, мешіттен ыстық ас ішуге мәжбүр.

Оқушылардың әр жерде шашырап жүруіне, Айдарлы ауылындағы орта мектеп құрылысының аяқталмауы себеп болып отыр. Білім ошағындағы күрделі жөндеу былтыр қазанда бітуі тиіс болған. Бірақ жауапты компания мерзімінен кешігіп жатыр. Салдарынан бастауыш сыныптың 140 баласы жапсарлас ғимаратта оқып, жоғары сыныптағы 200-ден аса оқушы әкімдікке қатынап жүр. Осы жағдайға шағымданған ата-аналар, «тазалық жұмыстарына мектеп оқушылары тартылып жатыр» деген бейнежазба жариялады. Бірақ білім басқармасындағылар мұны жоққа шығарды. Бүгінде директорға тәртіптік шара қолданып, мердігерді сотқа берген.

Жайдар Жазықбаев, Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда мектептің ішкі жұмыстарының барлығы толық 100 пайыз бітті. Тек қана даладағы абаттандыру жұмыстары бойынша брусчатка төсеу ғана қалды. Себебі соңғы уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты қар жауып жаңбыр жауып жер батпақ болғаннан кейін, соны күтіп. Компания енді 20 наурыздан бастап осы брусчатка төсеу жұмыстарын 1 сәуірге дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отыр.