Ұлттық құндылықтарды ұлықтау

Жастар Қазақстан тарихын жіті білмейді, қазақ тілі шұбарланып барады.

Сенатор Сәкен Арубаев ұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады. Сенатордың пікірінше, қазіргі қазақстандықтар тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен одан әрі дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың өмір тарихынан бейхабар. Сәкен Арубаев осы саладағы жағдайды жақсартуға және қазақстандықтардың рухани құндылықтарын сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныс айтты.

Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен бірлесе отырып, мемлекет басшысы жанынан ұлттық құндылықтар бойынша жұмыстарды жүйелейтін арнайы мемлекеттік комиссия құру қажет. Үкімет бұл бағытта жаңа тұжырымдама әзірлеп, «Республикалық ұлттық құндылықтарды насихаттау орталығын» аша отырып, оның құрамына Үкімет мүшелерімен қатар ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым мен  азаматтық  қоғам  белсенділерін тарту керек. Шетелдерден келетін туристерге қазақ халқының ұлттық құндылықтары жайлы үш тілдегі түсіндірме және насихат материалдарын шығаруды қолға алу керек. Әлеуметтік желілер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек.