Көкшетауда қарғын сумен күрес жалғасып жатыр

Үйлері суға кеткен тұрғандар қарасы сағат сайын көбейіп келеді.

Зардап шеккендердің нақты саны анықталған жоқ. Сондықтан шығын көлемі белгісіз. Ал үй-күйсіз қалған тұрғындар туған-туыстарын паналауға мәжбүр.

Бақтияр Әбжанов ай мен күннің аманында бес баласымен далада қалды. Қазір үйіндегі жағдай осындай. Қарғын судан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жиһазбен, техниканың бәрі бүлінген.

Бақтияр Әбжанов, қала тұрғыны:

- Анам екі баламен туысымның үйіне кетті. Ол өзі бір пәтерді жалдап тұрып жатыр. Бір балам інімнің үйінде жүр. Ал кішкентай екі егіз менімен. Біз қазір 3 күнге пәтер жалдап тұрып жатырмыз.

Алдын ала мәлімет бойынша 8 жер үй су астында қалған. Сондай-ақ, 30-ға жуық жеке сектор және 7 көпқабатты үйдің ауласына су кірді. Зардап шеккендер саны әлі де көбеюі мүмкін. Себебі, қарғын судын беті қайтқан жоқ.

Дәулет Жүнісов, қала әкімінің орынбасары:

- Қандай жағдай болмасын өтемақы төленеді. Қазір зардап шеккендер саны анықталып жатыр. Ол үшін арнайы қалалық жедел штаб құрылды. Барлық арыз, өтініштер сол жерде қаралады.

Бірақ, шенеуніктердің бұл сөзіне жерігілікті халық сенер-сенбесін білмейді. Өйткені, теміржол маңындағы жер үйлер жылда суға кетеді.

Медет Қызыров, қала тұрғыны:

- Енді әкімшілікке әке-шешем кәрі адамдар болса да барады. Барғанмен не әкімді көрмейді, не кіргізбейді. Чс-тен келеді. Суретке түсіріп, видеофиксатция жасайды. Бірдене жасаймыз деп кетеді. Содан кейін ешкім жоқ. Осылай жыл сайын. Қайдатан хабарлассақ телефонда алмайды.

Қазір Қылшақты өзенінің сағасы кептелген мұздан тазартылып жатыр. Сондай-ақ, арықтар мен каналдар тазаланып, тереңдетілді. Үш жүз тоннаға жуық инертті материал төселді.

Қанат Доспаев, ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

- Қазіргі уақытта қажетті барлық шаралар қолға алынды. Құтқарушыларға қоса, азаматтық қорғау академиясының курсанттары да жұмылдырылған. Жалпы  200-ден астам адам мен 80-ге техника жұмыс істеп жатыр. Қазір біздің негізгі мақсатымыз өзендегі су деңгейін төмендету. Содан кейін бар күшті сору жұмыстарына саламыз.

Өзен маңындағы мектеп пен әлеуметтік нысандар да назарға алынды. Тасқынды бақылау үшін арнайы кезекшілік ұйымдастырылады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный