Бишімбаевтың соты: Ағасы Нүкенованы бірнеше рет ажыратып алмақ болған

Бүгін Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алқабилердің қатысуымен екінші сот отырысы өтіп жатыр.

Отырыстың түске дейінгі бөлімінде жәбірленуші тараптан марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді түсініктеме берді. Ол 3 сағатқа созылған сот отырысында Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаевтың қарым-қатынасына қатысты өз нұсқасын баяндады.

Атап айтқанда, айыпталушы Бишімбаевтың Нүкеноваға бірнеше рет күш көрсеткені, тұрмысқа шыққаннан бері қысымда ұстағаны жайлы мәлімдеді.

Алқабилер қауымына қарындасы тірісінде жіберген бет-аузы көгерген сәттері бар фотосуреттерді көрсетіп, ортақ чатындағы хабарламалар тізбегін оқып берді.

Сондай-ақ Айтбек Амангелді Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаевтың арасында заңды неке болмағанын, тек екі рет мұсылмандық жолмен неке қидырғанын айтты.

Екі тарап арасындағы қарым-қатынастың қиындағанына қарап, қарындасына отбасылық дағдарыс психологтарынан көмек алуды ұсынғанын, тіпті бірнеше рет ажырасуға үгіттегенін де мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа әйелін "аса қатыгездікпен өлтірді" деген айып тағылып, 12 алқабидің қатысуымен сот отырысы бүгін жалғасып жатыр.

Айыпталушылар қатарында қылмысты жасырып қалу фактісі бойынша Бишімбаевтың ағасы Бақытжан Байжанов та отыр. Сот отырысы Жоғарғы соттың парақшаларында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.