Күннің кенеттен жылуы аймақтарды әбігерге салды

Күннің күрт жылуы және қардың жылдам еруі Ақмола, Ақтөбе, Абай, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау және Түркістан облыстарының халқын әбден әбігерге салды.

Топан су көшелер мен үйлерді басты. Қазір тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Қорадағы төрт түлік малды да құтқару оңайға соғып жатқан жоқ. Үй жануарлары қатты ағысқа төтеп бере алмауда. Күрделі ахуалға байланысты бірқатар өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.

Бұл бейне таяуда Қостанай облысының оңтүстігінде түсірілген. Мұз аралас суды кесіп өтпек болған біраз жылқыны қатты ағыс әкетті. Иесінің таңдай қағудан басқа амалы қалмады. 

Ал бұл Шығыс Қазақстан облысы. Құтқарушылар қайықпен тұрғындарды су басқан жолдан өткізіп жатыр. Күршім ауданында қар суы көпірдің бетон тіректерін шайып кеткен. Соңғы екі күнде өткелден 60-тан астам адам тасымалданды.

- ТЖМ жігіттеріне көп рақмет. Таңның атысы, кештің батысы бізді тасымалдап жатыр. Осы кісілердің арқасы.

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында, Көкшетауда төтенше жағдай режимі жарияланды. Қылшақты өзеніндегі су деңгейі шамадан тыс көтерілді. Барлық шығын есептеліп, оларды өтеу жөніндегі мәселелер комиссия арқылы шешіледі. Төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі штаб құрылды. Бүгін 100-ге жуық адам алдын ала дайындалған қауіпсіз орындарға көшірілді.

Роллан Есмағанбетов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің басқарма бастығы:

- Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ақмола, СҚО және Павлодар облыстарында 439 жеке тұрғын үй, 334 аула аумағы және 75 саяжай үйі су астында қалып отыр. Сондай-ақ, 24 автожолды су шайды. Және 84 жол төсемі арқылы су жүріп өтті. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пунктерінде 2992 адам, оның ішінде 1001 бала орналастырылған. 

Естеріңізде болса, осыдан бір жарым ай бұрын Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында су тасқыны қаупі бар өңірлердің картасын жасап, сел қатері жөнінде дер кезінде хабар беру жүйесін тексеру керек екенін айтқан еді. Тасқыннан қорғайтын дамбалар орнату, өзен-көлдерде мұз жару және су өткізетін көпірлердің астын тазалау жұмыстары да маңызды деген болатын. 

Ұлықбек Тұмашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жыл сайын болатын су тасқындары азаматтардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, отандастырымызға моральдық-психологиялық деңгейде әсер етуде. Өткен жылы көктем кезінде Ақтөбе, Атырау облыстарын тасқын болып, біздің сайлаушыларды әбігерге салған болатын. Биыл су тасқыны Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстан, Ақтөбе облыстарында болуы ықтимал. Ең бастысы, көктем кезінде аяқ астынан тасқын болып, тағы да біздің азаматтар зардап шегіп жүрмесін.

Премьер-министр Ш.Әріновтің есебін тыңдады

- Өкінішке орай, биыл қар қалың жауып, аймақтар жылдағыдан көп зардап шегіп жатыр. Қазір ең бастысы адам өмірін сақтау маңызды. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар министрінің есебін тыңдады. Шыңғыс Әріновтің айтуынша, апаттық-құтқару жұмыстарына 6 мыңнан астам маман, 2 мыңнан аса техника және 700-ге жуық сорғы құралы жұмылдырылды. 2 млн 300 мың текше метр ағын су шығарылып, жолдарға 162 мыңнан аса құм толтырылған қапшық пен 32 мың тоннаға жуық инертті материал төселді.

Мирлан Алтынбек, Аружан Шуақбай