Мемлекет тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетеді

Мемлекет су тасқынынан зардап шеккен адамдарды қиын жағдайда қалдырмайды.

Қарғын судан шығынға ұшыраған өңір тұрғындарына Үкіметтен көмек беріледі. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қорының қаржысы да пайдаланылады. Тасқынның салдарын жою жөніндегі Республикалық штабтың отырсында Президент осындай тапсырма берді. Мемлекет басшысы апаттан зардап шеккен аймақтарға барынша қолдау көрсету ортақ міндет екенін айтып, бизнес өкілдерін де қол ұшын созуға шақырды.

Кейінгі 30 жылда елімізде мұндай тасқын болған емес. Ауқымы мен зардабы жағынан 2012 және 2017 жылдардағы қызыл судан асып кетті. Құзырлы органдардың қамсыздығы мен салғырттығы жағдайды ушықтырып жіберді. Басшылардың себеппен емес, салдармен күресуі де үйреншікті жағдайға айналған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс. 

Еліміз жазда өрттен, көктемде судан зардап шегеді. Бұдан сабақ алар уақыт жетті. Өкінішке орай, елімізде су ресурстары мен ирригация салалары бойынша білікті мамандар жоқтың қасы. Бұл да салғырттықтың бір себебі. Президент бұл ретте Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасын қайта қарап, төтенше жағдайдың алдын алу мен  болжаудың ақпараттық жүйесін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын сумен қалай күресетінін мұқият зерттеу қажеттілігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің - Қазсушар, Қазгидромет жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды  модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс.  Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады.

«Апаттан зардап шеккен аймақтарға және тұрғындарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Мемлекет ешқашан өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмайды. Қарапайым халықтың да, кәсіпкерлердің де шығындары өтеледі», - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін.

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен қызметтер бағасының өсуіне жол бермеу қажеттігін айтты. Бұған Үкімет жауапты. Ал жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Мемлекет басшысы қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету кереітігін баса айтты.