Қырғызстан Қазақстанға 300 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті

Өткен түнде Қырғызстан тасқынға байланысты елімізге гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды 24KZ.

Көрші елден азық-түлік пен ең қажетті заттар тиелген жүк көліктері жолға шықты.

Азық-түлік пен ең қажетті заттар небәрі 2 күн ішінде жиналған. 300 тонна жүктің ішінде Қырғызстанда жасап шығарылған тамақ өнімдері мен киім-кешек, көрпе және жеке бас гигиена заттары бар. Олар 15 жүк көлігіне тиеліп, Бішкек уақытымен түнгі 3-те жолға шықты. 

Бообек Ажикеев, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрі:

- Қазақстандағы әріптесіммен күні-түні байланыстамын. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына қандай көмек керек екенін, сонымен қоса гуманитарлық жүкті жеткізу жолдарын бірге талқыладық. Бізден шыққан жүк көліктері 2 күннен кейін діттеген жеріне жетуі тиіс.

Қырғызстанның бауырлас елге көмек көрсетуге дайындалып жатқаны туралы парламенттің отырысында министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров жария етті. Тиісті тапсырманы Президент Садыр Жапаровтың өзі берген. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан көмек сұрамаса да, қырғыздар Бішкектегі жылу электр станциясындағы апаттан кейін көрші елдің қол ұшын созғанын ұмытпайды.

Бообек Ажикеев, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрі:

- Күннің күрт жылынуына байланысты қар еріп, өзендер мен қоймалардағы су деңгейі көтеріліп кеткенін білесіздер. Қазақстандағы ахуал күрделі. Көптеген елді мекенді су басқан. Адамдарға көмек керек. Сондықтан бауырлас елдегі қиын жағдайға бейжай қарап отыра алмадық.

2 ақпанда Бішкектегі жылу электр станциясындағы апаттан кейін қаланың көп ауданы жылусыз қалып қойған еді. Сол кезде Қазақстан өз бастамасымен 2 мың тонна дизельдік отын жіберген. Алғашқы партиясы станцияның жұмысына жаратылды. Ал екіншісі келесі жылу маусымына дайындалу үшін арналған.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев.