Депутаттар Қостанай облысының тұрғындарымен кездесті

Мәжіліс депутаттары Қостанай облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды 24KZ.

Олар су басқан ауылдарды аралап, халықпен тілдесті. Қазір өлкедегі жағдай біраз тұрақталғанымен, үйлердің ішіндегі су әлі кеппеген.

Бүгін мәжілісмендер қала маңындағы Алтынсарин, Мичурин ауылдарын аралап, тұрғындардың жағдайымен танысты. Депутат үйлері су астында қалғандардың далада қалмайтынын қадап айтты. Яғни, мемлекет тарпынан барлық жағдай жасалады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әкім қалпына келтіруге болатын үйлерді қазірден өз қадағалауына алып, жұмыс істейтінін айтты. Егер оған мүмкіндік болмаса, биліктің қабылдаған шешіміне сәйкес жаңа үй салынады. Бірақ учаске қауіпсіз аймақта болу керек. 

Айта кетейік, қазір Қостанай облысындағы су қоймаларының ағысы бәсеңдеп, деңгейі төмендеген. Сәйкесінше ахуал тұрақталып, деректер сағат сайын өзгеріп жатыр. Бүгінде 800 мың текше метр су сорылып, 7 мың тоннадан астам инертті материал төселген.   

Нұрлан Әміров, Қостанай қаласы ТЖБ бөлім басшысы:

- Бізге максималды су келген 3300 куб секундына. Қазір 2000 кубпен келіп отыр. Нормасына келіп жатыр. «Меженный уровень» деген бар, содан максималды көтерілгені – 580 см. Қазір 60 см-ге төмендеді.

Қаланың өзінде табиғи апат кезінде 166 үй су астында қалған болатын. Қазір арнайы комиссия құрылып, шығындарды есептеп жатыр. Зардап шеккендерге толық төлем жасалады. Ол үшін жергілікті әкімдікке барып, өтініш қалдыру керек.

Авторлары: Мерей Қанапия, Серік Қоңырбаев.