Құтқарушылардың еңбегі ерен

Су тасқыны басталғалы батысқазақстандық құтқарушылар 7 мыңдай адамды эвакуациялаған, 5 мыңдай малды қауіпсіз жерге шығарған, ит-мысықтарға дейін қалдырмаған.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен мына бейнекөріністе төтенше жағдай қызметінің мамандары белуардан су кешіп барып, ағын судың арасында қалған итті көтеріп көлікке алып келеді. Біздің өңірдегі тілшілеріміз оқиғаның Бөрлі ауданы Ақсу елді мекенінде болғанын анықтады. Шыңғырлау өзені тасуы салдарынан аталған ауылда 29 наурыз күні 67 үй суға кетіпті. Жеті қазынаның бірі саналатын итті құтқарған 31 жасар Бексұлтан Ақсай қаласындағы №29 өрт сөндіру бөлімінде еңбек етеді.

Бексұлтан Өтеғалиев, Ақсай қаласы №29 бөлімінің қызметкері:

- Мұз жарудан қайтып келе жатқанда рациямен хабарлады, «ит тұр, ала салыңдар»,-деп. Түсіп Л-1 формасын киіп, итті алып шықтым. 6 күн бе, 7 күн бе, үйге бармай жұмыс жасадық. Ақсайда 28-нен бастап, 4-не дейін бе екен жұмыста болдық.