Су тасқыны. Кей ауылдар картадан жойылып кетуі мүмкін

Ақтөбе облысындағы кейбір ауылды топан су ел картасынан жойып жіберуі мүмкін.

Үйлері түгел қираған Екпетал елді мекенінің тұрғындары аудан орталығына көшуді жөн санайды.

Саралжын ауылы іргесіндегі Ақкемер ауылында тасқыннан зардап шеккен үй саны оннан асады. Аудан әкімдігі бізді елеусіз қалдырмаса екен десе, ал көрші Қараталды халық қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Көгілдір отыны мен ауызсуы тартылған, асфальт жолы бар туған жерді ешкімнің тастап кеткісі жоқ. Есеңгіреп қалған ел мемлекеттен қолдау дер кезінде көрсетілсе дейді.

Қаратал ауылындағы баспаналардың бірсыпырасының жағдайы осы. Топан судан бас сауғалап кеткен тұрғындар жер сипап қалдық дейді. Тіпті пайдаға асатын тұрмыстық техника мен үй жиһаздарын алып шығуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Қадам бассаң шатыры ортасына опырылып түсейін деп тұр.

Қабырғасы қақырап қалған баспанасын көрген Серік Жолдығалидың көңілі босап кетті. Былтырғы топан судан үй-жайын әрең жөндеп болғанда биыл тағы да зардап шекті. Бұл жолы екпіндеп келген сең үйін түгел жайпап өткен.

Серік Жолдығали, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Бүкіл техника, киім-кешек бәрі осы. Дымсыз қалдық. Холодильник жатыр қарасаңыз. Газымды басып кеткен. Мынау былтыр ғана кірген газ еді ауылға. Үйге кіргізіп едім былтыр. Шыны керек бүкіл техниканы кредитке алдым.

Су ауылдағы 236 үйдің 98 процентін басып кетті. Тұруға қауіпті. Саман кірпіштен соғылған үйлер суға шыдас бермеді. Қабырғасы бүгін қаз қатар болғанымен уақыт өте опырылып түспесіне кепілдік жоқ.

Андрей Қусекеев Қараталды су басар алдында келіншегі мен 6 баласы, ата-анасын, 90-ға келген әжесін қауіпсіз жерге жеткізіп үлгерді. Ауылда қалған тұрғындар тілсіз жауға қарсы қайрат етуге тырысып көреді. Алайда теңкиген сеңі соға жеткен топан суға тойтарыс болу мүмкін болмады дейді. Үйі қираған ерлі-зайыпты енді қуықтай бөлмені пана етуге мәжбүр. 

Бекзат Мусина, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Кезінде ателье етіп салғанмын. 1-2 жылдай айналыстым. Содан кейін сол қаражатқа байланысты тоқтатып қойдым. Бұған су тасқынында ылғал келмеген. Сондықтан осында отырмыз. Балаларды әкелуге әзірге қорқып отырмыз. Себебі ылғал бар, салқын, сыз бар. Бұрын-соңды пайдаланылмаған нәрсе ғой. Сондықтан осы үй жайымыз.

Қаратал ауылында 1182 адам тұрады. Қазір олардың дені аудан мен облыс орталығына кетті. Себебі пана болар баспаналардың өзі де коммуналдық желілерден ажыратылған.

Нұрлыбек Шәуменов, Шығанақ Берсиев ауылдық округінің әкімі:

- Су келгеннен бері газ, жарық, су бәрі сөндірілді. Газды әлі қосуға мүмкіндік болмай отыр. Себебі құлаған, бұзылған үйлердің арасында ішінде жыртық-тесік бар ма, жылу жүйелері, батарейкалары сынып жатыр. Оған ауданнан мамандар келіп, әбден тексеріп алмай, қоса алмай тұрмыз. Су мәселесін ауылымыздың шетінде өзіміздің водокачка бар. Бұрынғы келіп тұрған су бар ішінде. Әзірге қоры жеткілікті. Сол суды тасып ішіп отырмыз.

Ойыл ауданында топан су Қараталдан бөлек, Екпетал ауылын да басқан. Мұнда барлық үй қирап қалды. Жергілікті билік тұрғындарға аудан орталығынан баспана салып бермек. Қажетті инфрақұрылымы да дайын. Ал табиғаты тамылжыған орманның бөктеріндегі елді мекен ел картасынан біржола жойылуы әбден мүмкін.

Мансұр Есқожин, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ, Ақтөбе облысы