ТЖ және полиция қызметкерлері медициналық жәрдем көрсетуді үйренеді

Алматылық 1300 төтенше жағдай мен полиция қызметкері алғашқы медициналық көмек көрсету дайындығынан өтеді, деп хабарлайды 24KZ.

Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ұйымдастыруымен қолға алынған бастама тегін. Төтеншеліктер екі ай бойы түрлі дене жарақатын таңу, жүрек талмасына ұшыраған адамға жәрдем көрсету, суға тұншыққан адамның өмірін сақтап қалу сынды маңызды машықтарды меңгереді.

Өрт сөндіруші Ерсін Күзембай тренингке бар ынтасымен кірісті. Симуляциялық орталықтың тәжірибелі дәрігерлері оған тұншыққан адамды құтқару амалын көрсетті. Ол үшін манекен қолданылады. Массаж жасаудың да өз әдіс-тәсілі бар. Кеудені минутына 80–100 рет жиілікте басу керек. Бұл – өмірде кез келген сәтте қажет болатын құнды тәжірибе.

Ерсін Күзембай, өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

- Әр шақыртуда әртүрлі жағдай болып тұрады. Сол себепті мынау алғашқы көмек бізге бірден-бір қажет. Зардап шеккен адамдарға міндетті түрде алғашқы жедел жәрдем келгенінше көмек көрсетуге міндеттіміз.

Төтеншеліктер мен тәртіп сақшылары кез келген оқиғаға бірінші болып жетеді. Түрлі дене жарақаты, түтінмен, газбен улану сынды қауіпті әрі қайғылы жағдайлармен бетпе-бет келеді. Мысалы, былтыр қалада 1900-ден астам адам жол-көлік апатына ұшыраған. «Сондай жағдайда олар дәрігер жеткенше жарақатты таңып, қанды тоқтатып, буынды бастырып байлауды білуі керек», – дейді мамандар.

Сондай-ақ төтеншеліктер кішкентай бала ойыншық немесе бөгде зат жұтып қойғанда жасалатын көмек техникасын меңгерді. Ал шеберлік сабақтарын Израиль, АҚШ және Ресейде тәжірибеден өткен дәрігерлер өткізеді.

Светлана Сұлтанғазиева, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры:

- Алматы қаласының әрбір тұрғынының денсаулығы, амандығы бізге маңызды болғаннан кейін біз осындай шараны бастап жатырмыз. Сол үшін қазір бірінші осы кісілерден басталды. Ал енді болашақта басқаларды да оқытамыз деген ойдамыз.

Алғашқы медициналық көмектің негізгі мақсаты – адам өмірін құтқару. Ең бастысы – алғашқы секундтарда дұрыс әрекет етуге үйрену. Ал тренингке қатысқандар сынақ тапсырады. Сүрінбей өткендер арнайы сертификат алады.

Авторлары: А. Садуақас. В.Лобанов.