Жамбыл облысы Аса ауылының оқушылары мектепке барарда вагонның астымен өтеді

Аса ауылының оқушылары мектепке бару үшін вагондардың астымен өтеді.

Пойыз сабаққа асығып, жамырап өтіп жатқан балаларды көрсе жақсы, көрмесе не болмақ? Теміржол елді мекенді қақ жарып өтеді. +

30 жылдан бері көтерілген мәселе биыл шешілуге тиіс. Бірақ аспалы көпір құрылысы кешігіп жатыр.

Әбдітәліп ақсақал Аса ауылында туған. Жасы жетпістен асқан қария ес білегелі аспалы көпірдің мәселесі көтерілгенін айтады. Бірақ бүгінге дейін шешілмепті. Салдарынан 6 жолақты шойын жолдан өтем деп жарақаттанып, жан тапсырғандар да болған.

Әбдітәліп Омаров, Аса ауылының тұрғыны:

- Вагонның астынан өтуші едік қой. Содан кейін жастар бар. Бала болады садикке апарады. Вагонның астынан алып өтеді. Коляскамен өтеді жаздыгүні, қыстыгүні шанамен өтеді. Аяғы ауыр боп баласын құшатап өтеді. Небір жағдай болды ғой. Оқушыны бөліп кеткен жағдай болды. Аяқ-қолын кесіп кеткен жағдай болды өтеміз деп.

Аудан орталығында 13 мың халық болса, оның 2 мыңға жуығы темір жолдың арғы бетінде тұрады. Бірақ ол аумақта бірде-бір әлеуметтік нысан жоқ. Сондықтан 350-ден аса бала екінші беттегі балабақша мен  мектепте келеді. Тұрғындар емхана мен әкімдікке бару үшін күнде қауіпті аймаққа аяқ басады. Ал 3 шақырым жердегі өткел, жаяу жүргінші үшін тым алыс. Аудан әкімдігіндегілер; Қазақстан темір жолының рұқсаты болмаған себепті мәселе осы уақытқа дейін шешілмеді, дейді.

Бауыржан Талшынбетов, Аса ауылының әкімі:

- Темір жолға алғаш айтылған кезде алғашқы кездерде «жай проход салып беріңдер» - деді. Одан кейін оған темір жол оған рұқсат бермеді. Қазақстан темір жолы салып береді деген әңгіме болды ғой. Біз осы уақытқа дейін сол теманы көтеріп жүрдік. 

Мерей Бает, тілші:

- Ауылдағы ағайынның армандаған аспалы көпірі биыл қолданысқа беріледі. Деседе былтыр басталған құрылыс жұмыстары 5 ай бұрын бітуі тиіс еді. Қазір мұнда шатыр жабындысын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер компания тек мамыр айында жұмысты аяқтаймыз деп отыр.

Жергілікті билік былтыр Қазақстан темір жолымен келісімге келіп, аспалы көпір құрылысына 336 миллион теңге бөлді. Ұзындығы 41, биіктігі 6 метрлік көпір 90 пайызға бітіп тұр, дейді жауаптылар.

Мақсат Үсенбаев, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Қыс мезгілінде анау ауа-райының мезгілсіз мынау бетонның жұмыстары бар, металлоконструкция бар. Сол жұмыстар болған соң соған кішкене декабрь январь айларында күннің суығына қарай кішкене тоқтатып тұрды да. Осы 2024-жылдың мамыр айында толығымен тапсырылады. 

Өткен ғасырдан бері өткелді күткен халық тағы бір ай шыдауға әзір. Тек сапасына сай соғылса болғаны, - дейді тұрғындар. Ал, аудан әкімдігі мерзіменен кешіккен мердігер заң талабына сай тиісті жауапқа тартылатынын мәлімдеді. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә