Жайықтың суы қауіпті мөлшерден асты

Жайықпен келе жатқан мол судың алды Оралға жетті.

Бүгін түсте дария деңгейі қауіпті межеден 4 сантиметрге асып, 8 метр 54 сантиметр болды. Ең соңғы рет өзеннің бұлайша тасуы 1994 жылы тіркелді. Қазір облыс орталығы мен 4 аудандағы 84 елді мекен жіті бақылауға алынған. Арнайы техникалардың көмегімен бөгеттер әлі биіктетіліп жатыр.

Жайық өзенімен келетін мол суды ең бірінші қарсы алатын Бөрлі ауданындағы Жарсуат ауылы. Орынбор облысымен шекарадағы елді мекенде бүгін су деңгейі 995 сантиметр. Жағдай бақылауда. Бөгеттер әзірге тасқынға сыр бермеген. Бөрлі ауданында өзен жағасында 9 елді мекен болса, Бәйтерек ауданында 20 ауыл бар. Мұнда өзге өңірлерден келген 157 арнайы техниканың көмегімен 30 шақырымдай бөгет салынған. Қазір ең аласа жерде тұрған Байқоныс және Жайық ауылдары.

Марат Тоғжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:

- Ана жақтан келген жоғарыдан су осы жерге жиналып жатыр.  Өйткені  жақсы білесіз, теміржол астынан өтетін көпір бар ғой. Сол көпір астынан өтетін тар болғасын, өтіп үлгере алмай жатыр. Сол себепті көп су Байқоныс пен Жайықтың айналасына жиналып жатыр. Ешқандай қауіп жоқ, қазір бөгеттерді көтеріп жатырмыз. Кешелі бері Жайыққа қайта техника бөлінді, адам бөлінді.

Жалпы Жайықтың бойында Оралға дейін екі гидробекет бар. Бірі 150 шақырым жердегі Жарсуат, екіншісі 70 шақырымдағы Январцево ауылында. Алғашқысында су деңгейі осыдан 3 күн бұрын 10 метр 8 сантиметрге көтерілсе, бүгін 995 см-ге түскен. Январцевта да 907-ден 902 сантиметрге төмендеген. Кешелі бері өзгеріссіз. Осыған қарап мамандар тасқынның шарықтау шегі облыстың шығысында өтті деп отыр.

Олжас Садыров, "Қазгидромет" РМК БҚОФ директорының орынбасары:

- Жарсуат бойынша «Қазгидромет» қарауындағы бекет емес, жергілікті атқарушы органның бекеті. Су деңгейінің түсуі «пик паводка» өткен дегенді білдіреді. Су қайтадан көтерілмейді. 

Егер Жайықтың жоғары жағында тасқынның беті қайтса, Оралда қауіпті межеден бүгін асты. Түсте дария деңгейі 854 сантиметр болды. Соңғы рет өзен 30 жыл бұрын осылай тасыған. «Қазгидромет» биыл 9 метрге барады деген болжам айтады. Жайық көтерілгесін, оған құятын Шаған өзенінің де алды кетпей, қос өзен қатар арнасынан асып жатыр. Саяжайларды қайта су басқан. Тұрғындар Шағанға Жайықтың суын кіргізбей шандорларды жабуды сұрайды. Ал мамандардың пайымы басқаша. Біріншден әлі де жоғарыдан секундына 15 текше метр су келіп жатыр, екіншіден қойманың қақпалары оған есептелмеген. 

Рауан Құсайынов, "Қазсушар" РМК БҚОФ директоры:

- Шандорлар біржақты әсер етеді. Былай айтқанда, Шаған су қоймасының суын ұстап қалуға. Енді Жайықтың суын ұстауға есепке алынбаған.  Егер қазіргі уақытта  шандорларды жабатын болсақ, Жайықтың ағысы қатты. Шандорларды Жайық жағынан көтеріп лақтырып тастап, осы тасқын су әрі қарай арттыра береді.

Қазір ауыр техникалар мен әскерилер облыс орталығында Жайықтың жағалауын әлі де көтеріп, нығыздап жатыр. Әкімдік ол дамбалардың су деңгейі 12 метрге көтерілуіне есептелгенін айтады.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов