Ырғыз-Нұра бағытындағы жол қалпына келтіріле бастады

Ақтөбе облысында Ырғыз-Нұра бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Торғай өзені тасып өңірдегі ең шалғай елді мекенінің бірімен қатынас үзілген болатын. Тұрғындары тікұшақпен эвакуацияланып, азық-түлік және өзге де қажетті заттар әуемен жеткізді.

Жалпы көктемгі тасқын басталғалы облыста 51 жолды су шаю дерегі тіркелген. Көпірлер қирап, кей жерлерде асфальт атымен жоқ.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Мынау шағын көл не өзеннің арнасы емес. Бұл – Ақтөбе-Ойыл бағытындағы жол. Су тасқыны осындай жыра етіп шайып өткен. Ал асфальт жабындысы болса әр жерде шашылып жатыр. Көлік түгіл, тіпті жаяу өтудің өзі мұң.

Ойылға осы жолмен оңай болған жоқ, әрине. Негізі бұл бағытта қатынасты тоқтату туралы шешім қабылданып, көліктер Темір ауданы арқылы айналып өтуі тиіс екен. Алайда жолда ешқандай ескерту белгісі не полиция бекеті жоқ. Жеңіл көлігімізді кездейсоқ кезіккен учаскелік инспектор сүйреп, діттеген жерге дін аман жеттік. Ойылға қарай мұндай су қиратқан көпір мен асфальттың бірнешеуі бар.

Асқар Қазыбаев, Ойыл ауданының әкімі:

- Ойыл селосына кіреберіс жолды су шайып кеткен болатын. Міне, облыстық жол басқармасы ұйымдастырып, бүгін алғашқы рет қатынасты қалыпқа келтіріп отыр. Енді біздер мына Қаратал селосына баратын жолды жөндеуіміз керек.

Облыс төңірегінде 51 жолды су шаю дерегі тіркелген. Қазір соның 42-сі жөнделіп, қатынас қалпына келтірілді. 8 ауылмен байланыс үзілген. Мәселен, құрылысшылар ұзындығы 90 шақырым болатын Ырғыз-Нұра бағытын қалпына келтіруге кірісті. Дегенмен күрделі жөндеу қажет. Оған арнайы комиссия акт әзірлеп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.

Есен Аманбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда қадағалаушы мекелермен және де басқарманың жауапты қызметкерлерімен тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада оның қажетті көлемін қанша қаражат керек екенін білген соң қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде басталатын болады.

Ақтөбелік жүргізушілер: «өңірдегі жолдардың сапасы ешқандай сын көтермейді», – дейді. Әлеуметтік желілерде әзіл-шыны аралас видео жариялап, биліктің назарын аударуға тырысады.

Теңкиген сеңге емес, сылдырап аққан суға шыдас бермейтін асфальт мәселесін мамандар жолдың жобасын сызу кезеңіндегі ағаттықпен байланыстырып отыр. Авторлық және техникалық қадағалау да тиісті деңгейде емес, – дейді. Құрылыс қызып жатқан шақта жауапты тұлғалар бірнеше нысанды қатар бақылап салдарынан сапа ақсайды. Төселген жол қармен бірге ериді. 

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

- Тек қана әкімшілік пен мердігердің емес, осы авторлық және техникалық қадағалауға жауап беретін тұлғалардың да жауапкершілігін енгізу керек. Қатаң, мүмкін қылмыстық жауапкершілік енгізу керек. Өйткені бөлінетін қаражат миллиардтаған, сол техникалық бақылауға да бөлінетін қаражат миллиардтармен есептеледі. Бірақ нәтижесі жоқ.

Ресми деректерде Ақтөбе облысындағы жолдардың 75%-і қанағаттанарлық күйде делінген. Бұл еліміз бойынша ең нашар көрсеткіш екендігін жергілікті билік те мойындайды. Биыл соны 82%-ке жеткізу жоспарда. Бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлініпті. Қаржының басым бөлігі облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге жұмсалмақшы. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Наурызбай Құрманғазы.