Омбы-Майқапшағай тасжолындағы құрылыс 7 жылға созылып кетті

Ел шығысында қайта салынып жатқан Омбы-Майқапшағай халықаралық трассасының аяқталуын екі бірдей облыс халқы күтіп жүр, деп хабарлайды 24KZ.

2017 жылы басталған бұл құрылыс әу баста 2022 жылы бітеді деп жоспарланғанмен, әлі күнге сағызша созылып келеді. Қазір Шығыс Қазақстан облысына қарасты аумақтағы жол учаскесі аяқталуға жақын қалды. Алайда Абай облысын басып жатқан Қалбатау мен Көкпекті-Тассай арасындағы бөлікте атқарылатын шаруа шаш етектен. Биыл мердігер компания сол шаруаны еңсере ала ма?

Сергей Күйіков Семей мен Зайсанның арасында жолаушылар тасымалдайды. Осы жолы сапары сәтсіз болып, Қалбатаудан асып, Көкпектіге жетпей автобусы қаңтарылып қалды. Енді иен далада керекті автобөлшекті күтіп тұрғанына бесінші күнге кетіп барады.

Ойдым-ойдым жол жеңіл көлік жүргізушілеріне де оңай тиіп жүрген жоқ.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Жобасы сонау 2017 жылы басталған бұл құрылыстың жүргізіліп жатқанына 7 жылдың жүзі болып қалды. Мен қазір Абай облысына қарасты Қалбатау мен Көкпектінің арасындағы жол учаскесінде тұрмын. Мына жақтағы Зайсанға, Тарбағатайға, Ақсуатқа қатынаған жұрт осындай лай, шаң басқан айналма жолмен жүріп әбден қажыған.

Сондықтан жолаушыларды жол құрылысы қашан бітеді, – деген жалғыз сұрақ қана алаңдатады.

Сауалнама:

- Георгиевка мен Тассайдың екі ортасында жол жоқ қой, өзіңіз тауып жүресіз, бір жүріп келгенде көлік қандай күйге түседі. Енді күніне емес, апта сайын саламыз сайман.

- Бұл жол баяғыда біту керек болатын, қарайған халыққа жаман болып тұр, көліктің бәрі, «ходовкасы» кетіп, сол қай уақытта бітіретінін Құдай білер енді.

Абай облысына қарасты аумақтағы 4 учаскеде жүріп жатқан жұмыстың өте баяу екенін мына цифрлардан-ақ байқауға болады. Жалпы 184 шақырымның 10 шақырымы ғана толық жөнделіп біткен. Қалған 174 шақырымның 26 шақырымына ғана бір қабат асфальт төселіпті.Тапсырушы тарап жол азабын тартқан халықтың жанайқайы орынды екенін мойындайды. Дегенмен құрылысқа жауапты шетелдік мердігер: «компанияға барлық жағдай жасалды», – деп сендірді.

Айдын Ескенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК Абай облысы филиалы директорының орынбасары:

- Халықтың айтып отырғанының шындығы бар, ал енді биылғы біздің жоспарымыз бойынша дайындығымыз бар. Біз айтатынбыз, қаражат дейтінбіз, жобаны қайта жаңарту, қайта түзету, өткізу. Оның барлығы алдыңғы жылдары бәрі өтіп кетті, қаражат бар, адамдар да бар, сондықтан қазір мердігерге жұмысты тоқтатып, сылтау іздейтін жағдай жоқ.

Сыныққа сылтау табылып жүрмесе, құжат бойынша бұл жол бөлігіндегі шаруа биыл аяқталуы тиіс. Қазір 4 учаскеге жалпы 300 техника, 500 адам жұмылдырылған. Жанар-жағармай мен битум тапшылығы да болмайды, –  дейді мамандар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.