Алматы облысынан су басқан өңірлерге 230 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді

Бүгінге дейін Алматы облысынан су басқан өңірлерге 230 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның ішінде Батыс Қазақстан облысына 130 тонна, Атырау облысына 100 тонна жүк жөнелтілді. Өңір кәсіпкерлері «Қазақстан халқына» және «Демеу Қазақстан» қорларына 50 млн теңгеден астам қаржы аударды. Тасқынға қарсы күрес шараларына облыстан 171 арнайы техника жіберілді. Бұлардың қатарында инженерлік техника, жүк көліктері, жүк тиейтін және су таситын көліктер мен моторлы қайықтар бар.

Тағы бір айтып өтерлігі, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан келген 170 оқушы қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп, қашықтан оқу мүмкіндігіне ие болды. Қазір аймақта гуманитарлық көмек жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Тасқын басталған күннен бастап 500-ден астам волонтер жұмылдырылды. Олардың 20-сы су басқан өңірлерде жергілікті тұрғындарға қолғабыс көрсетіп жүр.