Ақмола облысында тасқын кезінде 152 бас мал қырылды

Ақмола облысында су тасқыны кезінде 152 бас мал мен 400-ге жуық құс қырылып қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Төрт түліктің шығыны тек Бұланды ауданында тіркелген. Әсіресе қырдан келген қарғын су Капитон, Журавлев және Иванков ауылдарындағы қора-қопсыны түгел жайпап өткен. Құтқарушылар ауыл тұрғындарын әрең эвакуациялап үлгерген еді. Ал қырылған малдың өлексесі жойылды, – дейді мамандар. Жалпы тасқын кезінде өңірде 10 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге жеткізілді. Қазір мал шығыны есептеліп жатыр.

Дулат Сердәлі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұланды ауданында комиссия құрылды. Шығындарды өтеу актісі жасалып жатыр. Енді төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін шығынды өтеудің регламенті бар. Комиссия актілерді қабылдайды және малдардың шығын көлемі бағаланып, бағаланған көлем толықтай өтелетін болады.