Қарағандыға Өзбекстаннан көмек келді

Қарағандыға Өзбекстаннан көмек келді

Қарағандыға су тасқынынан зардап шеккен өңірлер үшін Өзбекстаннан гуманитарлық көмек жетті.

Жүк тиелген 15 көліктен тұратын керуенді көрші мемлекеттің арнайы делегациясы бастап келді. Дені азық-түлік, киім-кешек пен құрал-сайман. Бұған қоса 800-ге жуық үрлемелі қайықтар тағы бар. Өзбекстандық өкілдердің айтуынша, гуманитарлық көмек түгелдей мемлекет бюджеті есебінен бөлінген. Барлығы да отандық өнімдер.

Бобур Усманов, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Бұл қолдау екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынасты, бауырлас халық екенімізді тағы бір дәлелдейді. Ең бастысы қос мемлекет арасында өзара сенім қалыптасқан. Сіздердің батыс және солтүстік өңірлер су тасқынынан қатты зардап шекті. Қиын жағдайда көмектесу көрші, туысқан ел ретіндегі парызымыз деп білеміз. 

Серік Төленбергенов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

- Гуманитарлық көмек Өзбекстан президентінің тапсырмасымен жіберілген. Жүкті алдымен мемлекеттік қор қоймаларына түсіріп, ары қарай сол жерден су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жөнелтеміз. Шамамен екі күнде тұрғындарға жеткіземіз.