Түркістан облысында көктемде шыбын-шіркей қаптайды

Түркістан облысында көктем шыға шыбын-шіркей қаптайды. 

Шіркейлер адам түгілі үй жануарларын да талап, тыныштық бермейді екен. Одан қалды марокколық шегіртке шығып, шаруалардың егінін жайпап кетеді. Қазір өңірде зиянкестермен күрес жүріп жатыр. Нәтиже қандай болмақ?

Соңғы 10 жылдың бедерінде зиянкестердің өзен-көл маңында көбейіп кетуін шіркейге таланған халық негізінен «Көксарай» су қоймасының салынуымен байланыстырады. Алайда, ғалымдар мәселенің тек су реттегіште емес екенін айтуда. Себебі Сырдария өзені бойында шіркейдің 8 түрі бұрыннан болған. Алайда олардың белсенділігі соңғы жылдары арта түскен. Бұл туралы осы істің басында жүрген ғалым Қаршыға Көшкімбаев айтты.

Қаршыға Көшкімбаев, биология ғылымдарының кандидаты:

- Егер қолайлы жыл болып, біздің мына ісіміз нәтиже беріп, шіркейдің саны төмендеп кетсе, біз тегіннен тегін суға дәрі құймаймыз. Ақшаны бекер шығындаймаймыз. Бірақ барлығы нақтылы жағдайға байланысты болады. Бір-екі апта қалды нәтижесін көреміз. Бір жылдары сәл төменірек, екінші жылы жоғары болады. Бірақ бір жолата жоқ болып кетпейді. Жүз пайыз оны ешкім қырып сала алмайды.

Ғылыми зерттеу жұмыстары жыл басында басталған. Алматыдан арнайы маман шақыртылып, Көксарай су реттегіші мен Шардара су қоймасы және Сырдың бойы түгел қамтылған. Сырдария өзенінің жағасындағы 352 шақырым аумақ түгел дәріленеді. Дезинсекция жұмыстарына әуе ұшағы, арнайы көліктер мен мамандар тартылған. Жауаптылар заласыздандыру шілде айының басына дейін жалғасатынын және оның қандайда бір әсері болатынын айтады.

Бұдан бөлек өңірде аса қауіпті үйірлі шегірткенің марокколық түрімен де күрес жалғасуда. Еліміз бойынша шегірткемен күрес жұмыстарына Ауыл шаруашылығы министргі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жауапты. Мамандар биыл зиянкестердің таралу аймағы былтырмен салыстырғанда бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектарға жеткенін айтты.

Талғат Жанбаев, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ басшысының м.а.:

- Марокко шегірткесі біздің Түркістан мен Жабмыл облысында бар. Басқа облыстарда жоқ ол. Басқа облыстарда Итальян шегірткесі дейді және Азият шегірткесі бар. Осы үш түрлі шегіртке аса қауіпті зиянкес болып саналады. Үйірлі шегіртке, көп болғаннан кейін бұл жайпап, деп жердің шаңын шығарып кетеді.

Түркістан облысы марокко шегірткесі ең көп таралған аймақ саналады. Негізгі ошағы Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары. Алайда соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара және Отырар аудандарында да кездесуде. Күрес жұмыстары жер үстінде бүріккіш техникаларымен, әуеден ұшақпен және ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңделеді. Бүгінге дейін облыс бойынша 15 мың гектар марокко шегірткесінің ошақтары химиялық жолмен өңделді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов