Қызылордада күріш егу науқаны басталады

Қызылордалық шаруалар бірер күнде күріш егуді бастайды.

Жоңышқа, бидай, арпа мен мақсары тұқымын ерте көктемде сеуіп тастады. Жалпы 187 мың гектарға дәнді-дақыл егілетін болса, оның жартысына күріш себіледі.

Былтырға қарағанда егіс көлемі 5 мың гектарға азайды. Себебі су тапшылығы болуы мүмкін.

Өңірде биыл да су тапшылығы болуы мүмкін. Былтыр суару кезеңінің лимиті 4,2 миллиард текше\метр болып белгіленіп, алқаптарға соның 57 пайызы ғана жетті. Биылғы көлем тіпті аз.

Қайратбек Сәрсенбав, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:

- 5 мемлекет су министрлерінің, халықаралық ұйымдар қатыстырылуымен халықаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырыс өтті. Сол жерде Шардараға келетін судың көлемін 3 млрд 692 млн текше\метр көлемінде бекітілді. Ол әрине өткен жылғы бекітілген жобаға қарағанда аз. Бірақ нақты алған суға қарағанда біршама көп. Дегенмен оның орындалуы 100 пайыз кепіл деп айтуға болмайды. Бұның өзі жоспар.

90 күн тіршілік нәрінен қорек алатын күріш атыздарындағы суды үнемдеудің бірден-бір жолы – лазерлік тегістеу. Одан бөлек шаруалар қатты қысылғанда қашыртқыдағы суды екінші рет пайдаланады. Ол үшін 351 насос дайындалды.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Күріш шаруашылығында тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологиясын енгізу ол тәжірибе көрсеткендей экономикалық тұрғыда тиімсіз. Күріш шаруашылығында бірден-бір су үнемдеудің тәжірибесі ол – жерді лазерлік тегістеу. Сол арқылы 20 пайызға дейін жұмсалатын суды үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға дейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. 50 мың га астам жер тегістеуден өткізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл жұмысты біз 100 пайызға дейін жеткізетін боламыз.

«Тұқым және минералдық тыңайтқыштарды тиімді пайдаланса, қажетті өнім алуға болады», - дейді мамандар. 1200 гектарға Маршал, 800 гектарға Лидер сортын егетін шаруашылықтың агрономы Қайрат Оңалбай тұқымды себер алдында отандық қоспалармен әбден байытып аламыз дейді.

Қайрат Оңалбай, агроном:

- Үкіметтің қолдауы бар, сол арқылы түрлі агрегаттарды сатып алып, ғалымдармен де жұмыс жасаймыз біз. Препараттарды қолданбаған жағдайда тұқымның дәні қауызын ашып кетіп, күннің ыстықтығын көтере алмай түрлі жағдай болған тұғын. Ал қазір препараттарды қолданғаннан кейін әрі қорек бола тұрады су келемін дегенше. Су келгеннен кейін тамыр байлауына, оның бекуіне жұмыс істейді. Үлкен көмегі бар ғылым мен тәжірибені ұштастырып жұмыс істегеннің.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 26,7 миллиард теңге түгел игерілді. Шаруашылықтардың қажеттілігіне сәйкес облысқа тиесілі 13 мың тоннадай арзандатылған дизельдің жартысынан астам жеткізілді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев