Қазақстандық оқушылар жүлделі болды

Мұхиттың арғы жағынан жағымды жаңалық.

АҚШ-тың Хьюстон қаласында робототехникадан халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы жүлделі орынға ие болды. 6-10 жас аралығындағы бастауыш сынып оқушыларынан құралған команда «Ең үздік постер» номинациясында жеңіске жетті. Ал жоғары сынып оқушылары STEM саласын танымал ету мақсатында жасаған еңбегі үшін «Мотивациялық жүлде» номинациясы бойынша топ жарды. Биылғы додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 55-тен астам ел мен 50 мыңға жуық адам қатысты. Қазақстан құрамасы Астана, Шымкент, Алматы қалаларында жасақталған 4 топтан тұрды. Жалпы FIRST деп аталатын чемпионат осы саладағы ең ауқымды жарыс саналады. Чемпионатта жеңіске жеткен оқушылар әлемдік жоғары оқу орындарының стипендиялары мен гранттарына мүмкіндік алады.