Мамыр айында «Отбасы банкі» арқылы жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Несие әлеуметтік осал топ санатындағы тұрғындарға 7%-пен, ал қалған санаттағы азаматтар үшін 9%-тік мөлшерлемемен беріледі.

Басты шарт -  20% алғашқы жарнаның болуы. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, осы жылы бағдарлама аясында 300  млрд теңгеге 12 мың ипотекалық несие берілетінін мәлімдеді. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 22 мыңнан астам жалдамалы тұрғын үй салынады. Бұдан басқа, әкімдіктер 10 мың кредиттік пәтер салады.

Қанат Шарлапаев – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Сонымен қатар кезекте тұрған азаматтарға 2 және 5 процент мөлшерлемемен 81 млрд теңгеге 7 мың ипотекалық несие берілетін болады. «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 9 процентпен 150 млрд теңгеге 8 мың ипотекалық несие беру көзделген. Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгеге 5 мыңнан астам ипотекалық несие берілетін болады. Осылайша ағымдағы жылы 64  мың азаматтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 1 трлн теңгеден астам қаражат қаралуда.

Проблемалық тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау тапсырылды

Үкімет отырысында проблемалық тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау мәселесі де қамтылды. Қанат Шарлапаев өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамайтын бірқатар жеке құрылыс компанияларының барын айтты. Мәселен, 8 өңірде үлестік құрылыстың 39 нысаны аяқталмай келеді. Биыл елордада тапсыру мерзімі ұзаққа созылған 9 объектіні аяқтап, 484 отбасына көптен күткен пәтер кілттерін үлестіру жоспарланып отыр. Үкімет басшысы 1-маусымға дейін салынып жатқан баспаналардың заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ проблемалық нысандарды аяқтау жөніндегі жол картасы қайта қаралады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Мысалы, Ақтөбе облысында 11 объекті бойынша алданған үлескерлер 2 жылдан бері соттасып келеді. Астанадағы «Араби-2 – Гранитный-2» тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалық нысан деп танылған. 200-ге жуық отбасы үйлерін ала алмай отыр. G-Park компаниясы рұқсат құжаттарын алмастан 7 тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Ал оған 3,5 мыңға жуық отбасы өз қаражатын салған. Атырау облысында мұндай объектілер саны – 39. Жалпы елімізде, Өнеркәсіп министрлігінің деректері бойынша заңсыз салынып жатқан 340-тан астам тұрғын үй кешені бар. Бұл – бірінші кезекте, әкімдіктердің тарапынан жіберілген кемшіліктердің салдары.