Қарғын суды Каспийге бағыттау үшін қосымша канал қазылып жатыр

Жайық өзені арқылы келетін қызыл суды Каспий теңізіне бағыттау үшін қосымша 14,5 шақырым канал қазылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл Атырау қаласынан өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Мұны Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Сонымен қатар республика аумағындағы бірнеше көлге су жіберіліп, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану көзделген. Қазір Батыс Қазақстан облысында Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінен Қамыс-Самар көлдеріне су жіберіле бастады. Бұл көлдерге соңғы 20 жылда су бармаған. Ал Қостанай облысында соңғы 24 жылда алғаш рет Тобыл өзеніне үлкен су келді. Қоймалар 92%-ке толды. Қор аймақ тұрғындарын ұзақ уақыт қажетті тіршілік нәрімен қамтамасыз ете алады. Су қоймаларынан экологиялық мақсатта жалпы көлемі 6,3 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

Мөлдір Әбдуәлиева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі:

- Астана су қоймасына жиналған су жыл бойы елорда тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасына трансшекаралық Іле өзеннен келген су ағыны Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде су жіберуді қамтамасыз етті. Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасынан Шу өзеніне экологиялық мақсатта су жіберілді. Бұл су сәуір айының басында Түркістан облысы Созақ ауданына жетті. Тасөткел су қоймасынан су жіберу жұмыстары 1 мамырға дейін жалғасады, осы уақыт ішінде Шу өзені арқылы Созақ ауданына шамамен 1 млн текше метр су түсуі тиіс.