Тасқыннан зардап шеккендерге берілетін көмек

Тасқыннан зардап шеккен аймақ тұрғындарына әлеуметтік төлемдер бекітілген мерзімнен бұрын беріліп жатыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осылай деді. Ол мұндай режим биылғы 1 қыркүйекке дейін сақталатынын айтты. Одан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру мен бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекті алып жүргендер үшін қайта тағайындау мерзімдері 1- шілдеге дейін автоматты түрде ұзартылды. Вице-премьер су тасқынынан баспанасы немесе жалғыз тұрғын үйі саналатын саяжайынан айырылған азаматтарға екі ұсыныс барын жеткізді. Яғни, жаңа үй салу немесе Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен шекті сома аясында азаматтардың таңдауына сай екінші нарықтан дайын баспана сатып алу қажеттігі қарастырылған. Сондай-ақ зардап шеккен 6 аймақтағы түлектер үшін ұлттық бірыңғай тест бөлек кестемен өткізілетінін жеткізді. Талапкерлер төмен балл алған жағдайда биылғы жағдайға байланысты қаңтар мен наурыз айларындағы ҰБТ-дағы үздік нәтиже ескерілетін болады. Одан бөлек, қазір қосымша нысаналы гранттар бөлу жағы қарастырылып жатыр. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Тасқын судан зардап шеккендердің барлығына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. Бүгінде ол 11 мыңнан аса отбасыға төленген. Үкімет азаматтарға бүлінген үй заттарын алу үшін қосымша 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде көмек көрсету туралы шешім қабылдады.