«Құрық-Жетібай» жолы биыл қолданысқа беріледі

«Құрық-Жетібай» тасжолындағы күрделі жөндеу жұмыстары биыл күзде аяқталады, деп хабарлайды 24KZ.

Маңғыстау облысындағы 64 шақырымдық трасса республикалық маңызға ие. Қарақия ауданының екі ірі елді мекенін байланыстыратын жол өткен ғасырдың 70 жылдары салынған. Содан бері толыққанды күтім көрмей, көлік қозғалысына жарамсыз болып қалды. Енді қос ауылдың халқы оның қалпына келуін асыға күтіп жүр.

Талғат Көшкінов Жетібай ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығын басқарады. Қарақия ауданының орталығы Құрыққа құжаттар тасып, жол азабын талай көрген. Қызметтік көлігі бұзылып, жолда қалған күндерді еске алады.  

Талғат Көшкінов, Жетібай ауылы ХҚКО басшысы:

- 2008 жылы осы Жетібай ауылының халыққа қызмет көрсету орталығын аштық. Уәкілетті органның барлығы Қарақия ауданы орталығы Құрық ауылында орналасқан. Сол себепті біз құжатты күнделікті тасып отырдық. Ол кездегі жолдың ахуалы өте нашар болды. Машинаны апта сайын жөндеуден өткіземіз. Әлі де сол құжат тасу жүріп жатыр. Бірақ бұрынғыдай емес. Жақсы деп айтуға болады.

Мұсадин Медетбаев, Жетібай ауылының тұрғыны:

- Емін-еркін жүреміз, бұйырса, теңізге қатынаймыз. Жетібай халқы сол жолдың жылдамырақ біткенін қалаймыз. Жаңа Қазақстанда жаңадан жол салып беріп жатыр. Бұйырса, жақсы болады енді.

Қазір республикалық жолдағы жұмыс қызу. Мысалы, мына техника тәулігіне 1300 тонна ыстық асфальт төсейді. Жол материалдары жергілікті зауыттан жеткізіледі. Осы күнге дейін жаңа трассаның 50 шақырымы төселген. Қалған 14 шақырымды мердігер қазан айында аяқтайды. 

Қазыбек Мәмбетов, жобаға тапсырыс беруші ұлттық компания өкілі:

- Биылғы жоспарға келетін болсақ, асфальтбетонды жамылғысын түгелдей бітіріп және де абаттандыру жұмыстарын жасауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде жарықтандыруы бар. Жол белгісі бар. Транзиттік машиналар, ауыр жүк машиналары осы жолмен жүретін болады. Жол жылдамдығын арттырады. Сол жағынан жақсы септігін тигізеді деп ойлаймын.

Самат Шораев, автомобиль жолдарын тексеретін мекеме инженері:

- Қазір біз асфальтбетон жабындысының температурасын тексердік. Температурасы келіп тұр, 135 градус. Негізі 120-дан төмен болмауы керек. Асфальтбетон жабындысының енін өлшедік. Талапқа сай келіп тұр. Жоба бойынша 8 метр.

Шамамен 11,5 миллиард теңгеге салынып жатқан жол халықаралық көлік дәліз деуге тұрарлық. Себебі Өзбекстан мен Ресейден шығатын транзиттік тауарлар осы жолмен Құрық портына тасымалданады. Қазір жүк көліктері Ақтау арқылы келіп жүр. Енді теңіз паромы кешеніне Жетібайдан тіке қатынап, 120 шақырым үнемдеуге болады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.