Қостанайда арнайы комиссия жұмысының мерзімі ұзартылды

Қостанай облысында арнайы комиссия су басқан 971 үйдің жағдайын зерттеді.

Соның 350-ден астамы жөндеуге жарамсыз деп танылды. Арқалықта табиғи апаттан зардап шеккендерге 30 пәтер сатып алу жөнінде келісімшарт жасалды. Бұл мақсатқа үкімет қорынан 405 миллион теңге бөлініп отыр. Жаңа баспаналар инженерлік коммуникация тартылған Арқалық пен Қостанай қаласының аумағындағы учаскелерде тұрғызылады. «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының көмегімен облыстың оңтүстік өңірлерінде 100 үйдің құрылысын бастау мәселесі қаралып жатыр.

Лидия Беленко, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Зақымданған үйлерді зерттеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Кейбір баспаналарды әлі су басып жатыр. Сондықтан арнайы комиссияның жұмысы шамамен он күнге ұзартылды. Барлық үй техникалық зерттеуден өткеннен кейін ғана құрылыс жүргізілетін алаңдар анықталады. Сондай-ақ қанша пәтер сатып алу қажеттігі нақтыланады.