Ертіс өңірі олимпиадалық спорт түрлеріне мықтап қолға алмақ. Облыста демеушілердің көмегімен екі бірдей заманауи мұз сарайы бой көтереді. Себебі, қолданыстағы мұз сарайы хоккей мен мәнерлеп сырғанаудың толыққанды шарттарына сай келе бермейді. Оған қоса, спорттық нысанның жабдықтары жөндеуді қажет етеді. «Астана» сарайының мұздатқыш жабдығы 20 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бірнеше рет жөндеу көргенмен, қолданыс мерзімінен шығудың шақ алдында. Оған қоса, ескірген мұздатқыш компрессор электр энергиясын көп тұтынады. Жұмысы жиі сыр береді. Бұл өз кезегінде мұздың сапасына нұқсан келтіреді. Павлодардағы жоғары спорттық шеберлік мектебінің 500-ге жуық шәкірті бар. Жеткіншектердің барлығы шайбалы хоккей мен мәнерлер сырғанауды таңдаған. Жаттығулар үздіксіз жүргізіледі. Сұраныс өте жоғары болғаны соншалық, тоңазытқыш компрессордың жұмысын тоқтату мүмкін емес. Қайрат Қайырбаев, жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры: - Тоңазытқыш машинасының механикалық жүйелерінің жағдайы нашар. Жұмыс үдерісін тоқтатпауға тырысамыз. Шығыны да көп. Қазіргі нарықта энергияны аз тұтынатын, автоматтандырылған түрлері көп. Егер заманауи жабдық алынса, шығын да азаяр еді, мұз сапасы да жоғары деңгейде болар еді. Шұғыл түрде алмастыру керек. Жаңа құралды орнату бойынша бірнеше коммерциялық ұсыныс бар. Мамандардың есебінше, оған 120 млн. теңге қажет. Мәселе шұғыл шешілмесе, жабдық тоқтап қалуы әбден мүмкін. Нұрлан Есембаев, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары: - Құралды шама келгенше жөндеп отырмыз. Қазіргі уақытта бюджеттік өтініш дайындап қойдық. Тоңазытқыш жабдығын ауыстыру бойынша тиісті шаралар қолға алынды. Әзірге өтінішіміз мақұлданған жоқ. Өңірде мәнерлеп сырғанау мен шайбалы хоккейге сұраныс бар. Жоғары болғаны соншалық, алдағы екі жылда екі мұз сарайын салуға шешім қабылданды. Бірі облыс орталығында, екіншісі Екібастұз шаһарында бой көтермек. Кеншілер қаласында осындай нысан салу да бұрыннан көтеріліп келген мәселе. Медіғат Манапов, Екібастұз қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы: - Бұл жөнінде тапшылық бар. жалпы, бес мың бала бала спортпен айналысса балалар-жасөспірімдер мектебінде. Соның 190 баласы ғана қамтылып тұр, қысқы, шайбалы хоккеймен. Қос жобаны жүзеге асыру үшін болашақ инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, жер учаскелері белгіленді. Жаңа нысандардың құрылысы екі жылға жуық уақыт жүргізілмек. Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат