Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай еліміздің түрлі өңірлерінде салынған Президент резиденциялары балалардың игілігіне берілуі тиіс. Атап айтқанда Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау мен Ақтөбе қалаларындағы ғимараттар жақын уақытта білім беру немесе демалыс және оңалту орталықтарына айналады. Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілі Қарғалы өзені бойында орналасқан нысанды балақайлардың қажетіне бағыттауға арналған шаралар қолға алынғанын жеткізді. Қазір зәулім ғимарат бос тұр. Тек түрлі делегация келген кезде ғана сонда тұрақтайды. Кешенде әкімшілік-тұрмыстық міндеттерді атқаратын жұмысшылар еңбек етеді. Алайда нысанның балаларға нақты қашан берілетіндігі әзірге беймәлім. Ержан Байтанаев, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары: - Берілетін мекемеге, балаларға берілсе балаларға, лагерь болатын болса лагерьге біз жабдықтап беруіміз керек. Сол жұмыстардың барлығын жүргіземіз. Ол құжаттардың барлығы рәсімделу керек. Қазіргі уақытта бұл тапсырма бойынша біз мемлекеттік органдармен, орталық мемлекеттік органдармен рәсімдеу жұмыстарын бастадық.