Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылының халқы мектеп ғимаратына көшірілді, деп хабарлайды «Хабар 24». Ойыл өзені жағасынан шығып, елдімекеннің көшелерін су басқан. Облыстық әкімдік өкілдері топан су әзірге баспаналарға кіре қойған жоқ дейді. Ауылдағы газ құбырын өзен суы қиратып кеткендіктен, қазір онда көгілдір отын жоқ. Серік Ахметов, Қаратал ауылы тұрғыны: - Күні кешеге дейін халық болып, кешкі сағат жетіден таңғы сағат жетіге дейін суды ұстап тұрдық. Қарқыны биік, мықты. Түскі уақытта сағат бір жарымда ауылға су кіріп кетті. 30 жыл бұрын 1993 жылы тасыды. Бірақ биіктігі мұндай болған жоқ. Айналаның барлығы қоршауда. Ешқандай мүмкіндік, ауданмен де облыспен де қатынас жоқ. Төтенше жағдайлар қайықпен келіп жатыр.