Ақмолада ұры саусақ іздері арқылы табылды, деп хабарлайды Polisia.kz. 18 қыркүйек Көкшетау қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 60 жастағы тұрғынынан өтініш келіп түсті. Арызданушы белгісіз біреулер азық-түлік дүкеніндегі терезені сындырып, халық тұтынатын тауарлар мен жалпы сомасы 25 мың теңге ақша қаражатын ұрлағанын хабарлады. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы шықты, оның құрамына кинологтар мен криминалистер кірді. Жедел-криминалистикалық басқарма қызметкерлері оқиға орнынан 10 қол ізін тәркіледі. Дактилоскопиялық ақпаратты зерттеу негізінде күдікті анықталды. Ол 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Айта кету керек, ағымдағы жылдың тоғыз айында Ақмола облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалистерінің мамандары оқиға орнына 2 мыңнан астам тексеру жүргізді, тексеру нәтижелері бойынша күдіктілердің 213 қылмыс бойынша «саусақ іздері» анықталды.