Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 70-тен астам үй тұрғыны баспанасы үшін алаңдаулы. Өйткені 80-90 жыл бұрын салынған бұл тұрғын үйлер әбден тозып тұр. Ағаштан салынғаны шіріп жатса, кірпіштен тұрғызылғаны-үгітіліп, құлай бастаған. Бүгінде тек бірнешеуі ғана апатты деп танылған. Бірақ ондағы жұртты көшіру мәселесі әлі де шешілген жоқ. Вера Лямкина бұл баспанаға елу жыл бұрын кіріпті. Сол кезде-ақ кетеуі кетіп тұрған дейді. Өйткені уақытша үй ретінде салынғандықтан сапасына ешкім мән бермеген.Бірақ ол кәрілікті де осы қаусаған баспанада қарсы алам деп ойламапты. Вера Лямкина, Риддер қаласының тұрғыны: - Қабырғалар шіріп кетті. Түртіп қалсаң, сусылдап түседі. Шамам жеткенше бітеген болам. Бірақ қайыр жоқ. Бір жерін бітесең, екінші жері тесіліп тұрады. Көршісі Римма Маратовнаның жағдайы да осы. Алақандай пәтерін жылыта алмай әлек. Бойы жыли қалса, жуынып шайынатын жер де жоқ. Қариялардың баспанасы апатты деп танылмаған. Ол санатқа кіру үшін, тұрғындар өз қаражатына тәуелсіз комиссия шақыру керек. Ол кем дегенде 200 мың теңге тұратын қызмет. Мұны зейнеткерлердің қалтасы көтермейді. Айтпақшы, апатты үйлердегі тұрғындардың жағдайы да еш өзгеріссіз. Бұл отбасыны осыдан екі жыл бұрын түсірген едік. Тұрғын үй кезегін күтумен әлі отыр екен. Әкімдікте бере қоятын баспана жоқ. Қайрат Шаяхмет, Риддер қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы: - Қайта жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ дәл қазір Риддерде тұрғын үй құрылысы тоқтап тұр. Әзірге салынбайды. Амалсыз, күтуге тура келеді. Сондықтан өзекті сұрақтың басы ашық. Өлкеде жергілікті жаңарту бағдарламасы бастамалмаса, жақында шешілер түрі де көрінбейді. Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов