Көкшетау қаласында жылусыз қалған үйлердегі жағдай толық қалпына келтірілді. Кеше кешкісін шаһарадағы 700 миллиметрлік құбырдан ақау шығып, 40 нысандағы жылу қысымы төмендеген еді. Оның 13-і көппәтерлі тұрғын үй болса, қалғаны жеке сектордағы баспаналар. Қазір үйлерге толығымен жылу берілді,-дейді мамандар. Демалыс күндері қаладағы жылу құбырларынан екі бірдей ақау анықталып, уақытында қалыпқа келтірілді. Жалпы шаһардағы жылу құбырларының 43 пайызы әбден ескірген. Руслан Мәкішев, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас директоры: - Қазіргі уақытта ақау қалпына келтірілді. Барлық үйлер мен мекемелерге жылу берілді. Қазір температуралық режимді реттеп жатырмыз. Алдағы уақытта осындай ақаулардың алдын-алу бағытындағы жұмыстар жалғасады.