Қарағандыдағы альпинистер клубының ұйымдастыруымен 50-ге жуық адам Сораң тауының шоқысына шығып, көк туымызды желбіретті. Әуелде жүгіріп бастаған әуесқой альпинистер жарты жолда болдырып, мәреге әрең жеткен. Алыстан аласа болып көрінгенмен 70 метр биіктікті бағындыру әрі 500 метр қашықтықты жүгіріп өту оңай соқпады. Қатысушылардың арасында 12 жастан асқан балалармен қатар 70-ті алқымдаған аға буын өкілдері де болды. Барлығы таза ауада тынығып, бой сергітті. Таудың ұшар басындағы Бауыржан Момышұлына арналып қойылған ескерткіш тақтаға гүл қойып, батыр рухына тағзым етті. Спорттық шара осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Бұл күні жігіттер жағы қой көтеріп, арқан тартып жарысты. Барлық қатысушы естелік сыйлықтармен марапатталды. Сергей Кистанов, туристік клуб директоры: - Бұл спорттық-туристік шараға жастармен қатар қоғамдық ұйым мүшелері, билік өкілдері де белсенді қатысты. Арасында танымал тұлғалар да бар. Мәселен, Влад Чехлов Гималай тауына шықса, Төлеген Әшімов Еуропадағы ең биік шың - Эльбрусты бағындырған. Бұл жастарға салауатты өмір салтын насихаттаудың, бұқаралық спортты дамытудың ең жарқын үлгісі.