Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Леденово ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан бастап «Жаңалықтар қызметі» оның ең сүйікті бағдарламаларының бірі болды. «Хабар» телеарнасында қызмет еткен Динара Егеубаева - Динара Саду үшін ерекше жан. Динара өз аттасына және де басқа тележүргізушілерге зер сала отырып, «Мен де осындай тележүргізуші боламын» деп өзіне уәде берген. Ол армандаған, алға қойған мақсатына бірден қол жеткізген жоқ. Мектепті бітіріп, жаратылыстану-географиялық факультетінің биология мамандығына оқуға түседі. «Жаратылыстану ғылымын танып, біле отырып, менен ең білімді ұстаз шығатынына сенімді болдым», - дейді Динара. Алайда құрбысының айтуымен Петропавлдағы МТРК жариялаған (Муниципалды телерадиоканал) кастингіне қатысады. Динара жолы болып, сол сәттен бастап «МТРК» оған үлкен еңбек жолындағы мектептердің бірі болды. Өйткені, ол үшін жаңалықтардың әр шығарылымы сөзбен жеткізуге келмейтін, керемет сезіммен ұштасқан жұмыс еді. 2010 жылдан бастап басқа ортаға, яғни «Қазақтелеком» АҚ-ның филиалдарының бірінде PR-менеджерлік қызметіне ауысқан Динара өзінің қалаған ісі телевидение саласы екендігін ұғады. 2012 жылдың сәуір айында Динара Саду «24 KZ» телеарнасының жаңалықтар қызметіне жарияланған жүргізушілер кастингінде бағын сынап, телевидениеге оралады. Динара өте еңбекқор адам. Ол бос кезінде кітап оқып, түрлі жанрдағы фильмдер, соның ішінде кеңестік кезеңнің фильмдерін қараумен әуестенеді. Сондай-ақ футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Испания құрамасы мен «Барселонаның» тұрақты жанкүйері. Ол үшін өмірдегі басты құндылық – отбасы мен достары. «Ақжүректі және адал адамдар ұнайды. Екіжүзді әрі арсыз жандарды жақтырмаймын. Қысқа ғұмырда бір рет қана мүмкіндік беріледі. Соның пайдалысын алып, сол арқылы қорытынды жасау – біздің басты міндетіміз», - дейді Динара Саду. Өмірлік ұстанымы – «Жолды жүрген ғана жеңе алады», «Теріс нәтиже – бұл да нәтиже».