Павлодар облысына қарасты Көктөбе ауылының тұрғындары екі күн бойы сусыз отырды, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұған аудан орталығын тіршілік нәрімен қамтитын бекеттегі апат себеп болған. Нақтыласақ, былтырғы жылдың аяғында қолданысқа берілген су тарату жүйесіндегі сорғы жарылып, қысым төмендеген. Салдарынан тұрғын үйлер орталық су жүйесінен ажырап қалды. Коммуналдық сала уақытты оздырмай апатты дер кезінде жойған. Ал, мердігер ұйым кепілдік міндеттемеге сәйкес істен шыққан жабдықты алмастырды. Қазір сумен қамту жүйесі қалпына келген. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері оқыс жағдай судың сапасына әсер етпегенін айтады. Медет Шоқанов, Май ауданы әкімінің орынбасары: - Мәселені толық жою үшін келешекте мердігер ұйым қосымша сүзгілерді орнатуға уәде берді. Бұл су насостарының жұмыс істеу мерзімін ұзартады. Біржан Рахитов, зейнеткер: - Мына жіберген суды ішіп жатырмыз. Мына үйге кіріп тұрған суды. Сапасы жақсы, Павлодар сияқтымыз біз мында тұрып жатқан. Қалада қалай келеді міне, сол су келіп тұр үйге.