Николай Куриленконың кеудесі орден, медальға толы. Оның барлығын майдан даласындағы ерлігі үшін алған. Ол жастайынан еңбекке араласып, құю цехында тер төкті. Ал 17 жасқа келген бойда өз еркімен сұранып, соғысқа аттанады. 1945 жылы жеңіс мерекесін Висла өзенінің бойында қарсы алған, деп хабарлайды «Хабар 24». Николай Куриленко, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері: – Соғыс басталғанда мен тым жас едім, әскерге алмады. Майдан даласына барып, жауынгерлермен бірге жауға қарсы тұруды армандайтынмын. Сол жылдары әкем қайтыс болды. Ал мен кәмелетке жасқа келген күні бірден соғысқа аттандым. Жақсы әскери бөлімге түстім, зенитті артилерияда болдым. Соғыстан кейінгі жылдары ардагер Қазақстан Магниткасын құруға қатысқан. Жеңіс мерекесі қарсаңында оны «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бас директоры арнайы келіп құттықтады. Қария 95 жасқа келгеніне қарамастан әлі де тың. Емен-жарқын әңгімелесіп, ескі күндерді еске алды. Биджу Наир, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры: – Компанияның үлкен ұжымы атынан сіздерге алғыс айтып, басымды иемін. Соғыста сіздер нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, жеңіске жетіп, біздерге бейбіт өмір сыйладыңыздар. Сондықтан сіздерге мәңгілік қарыздармыз. Биыл Жеңістің 77-көктемін Теміртау қаласында тек 6 ардагер қарсы алуды. Мереке қарсаңында майдангерлердің ешқайсы да ескерусіз қалған жоқ. Компания басшылығы олардың әрқайсына материалдық көмек және естелік сыйлықтар табыс етті. Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев