«Отбасымызбен тамақ әзірлейміз». Павлодарда осындай бастама бар. Яғни оқушылар ата-аналарымен бірге дайындаған тағамдарын, әлеуметтік желіге жүктейді, деп хабарлайды Хабар 24. Бұл бір есептен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасындағы береке-бірлікті көрсететін шара дейді ұйымдастырушылар. Бұл жолы Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тұрғындары өз өнерлерін ортаға салды. Қыз балалар бауырсақ пісіріп, ірімшіктен тәтті тағам әзірледі. Аталған мекемеде ата-ана қамқорынсыз қалған 70 бала тұрып жатыр. Солардың бірі – Қаламқас Есқалиева ес білгелі осында тұрып жатқанын айтады. Бүгінде колледжде білім алып жатқан студент қыз, ұлттық тағамдарды дайындаудың қыр-сырын әбден меңгерген. Өнерден де құр алақан емес. Қаламқас Есқалиева, Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушісі: – Осы жылдар аралығында мен бәрін үйрендім. Оның ішінде ас әзірлеуді ұнатамын. Мәселен, қазақтың ұлттық тағамдары қоспа, талқан жасаймын. Бауырсақ мен етті де пісіре аламын. Гүлжанат Тауова, тәрбиеші: – Енді негізінде балалар ауылының ең басты мақсаты – балаларды келешек өмірге әлеуметтендіру. Сол бағытта бізде көптеген жұмыстар атқарылады. Бүгінгі енді сайыста ұлттық тағамдарды насихаттап, жастарға үлгі болу, соларға өзіміздің білгенімізді барлығын көрсету парызымыз.