Аты аңызға айналған Панфиловшылар дивизиясы жасаған ерлікке 80 жыл толуына орай Ресейде салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». Қаһармандардың рухын асқақтату үшін Волоколамскіге Қазақстаннан арнайы делегация барды. Арасында дипломаттар, Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ Астана және Қазақстан митрополит өкілі бар. Олар ішіне қазақ жерінің бір уыс топырағы салынған құтыны ала барған. Қайтарда Волоколамск жерінен топырақ әкеліп, Алматыдағы «28 панфиловшылар саябағына» көмілмек. Еске алу шарасына қатысушылар Нелидово ауылындағы бауырластар зиратына гүл қойып, Батырлар ескерткішіне тағзым жасады. Естеріңізге сала кетейік, осы Волоколамскінің түбінде генерал Иван Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының ержүрек сарбаздары Мәскеуге бара жатқан, неміс танкілеріне тойтарыс беріп, жаудың әскерін талқандаған болатын. Ершат Оңғар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасының орынбасары: – Шараның маңызы өте зор, мәні тереңде. Өйткені Панфилов дивизиясы Алматы қаласында құрылып, көптеген отандастарымыз құрамында болған. Елін қорғап, жерін қорғап, Отанды қорғап қаза болған шаһид жандарға біз құран бағыштадық. Ләйлә Ахметова, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ профессоры: – Тура осы жерде біздің халықтың бауырластық достығы салтанат құрды. Тарихшы ретінде мен үшін ең бастысы - біз Панфиловшылар ұрпақтарының қауымдастығына бірігіп, тарихты ұмытпай, қастерлеуіміз керек. Олардың ұрпағы 12 елде тұрады. Айгүл Байқадамова, генерал Иван Панфиловтың немересі: – Осыдан 5 жыл бұрын Волоколамскіде ТМД елдерінің халықаралық Панфилов қозғалысы құрылды. Оған біздің алматылық оқушылар қатысқан Қазір бұл қозғалыс Ресей, Қазақстан мен Қырғызстанды біріктіріп отыр. Қатысушылар саны 100 мың адамнан асады.